Сот «ҚДТ-ға қатысы бар» деп сотталған Әбішевтің жазасын жеңілдетпеді

0

Алматы облысының апелляциялық соты 12 ақпанда адвокат Гүлнара Жуаспаеваның жеке шағымын қанағаттандырмады. 27 желтоқсанда Қапшағай қалалық соты «ҚДТ-ға қатысы бар» деп айыпталған Әсет Әбішевтің қалған түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасымен алмастыру туралы өтінішін қанағаттандырмаған еді. Жуаспаева осы шешімге шағым түсірген. Сот бірінші инстанцияда қабылданған сот қаулысын өзгертпеді.

Адвокаттың жеке шағымын судья Әділ-Омар Жақсыбаев қарады. Қапшағай қалалық сотының қаулысын құптаған апелляциялық сот Әбішевтің тәртібінің түзелгені-түзелмегені белгісіз деді.

Сот қаулысы оқылғаннан кейін Әсет Әбішевтің жақтастары «Масқара!» деп айқайлады. Олардың арасында өткен жылы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қатысы бар деп екі рет сотталған Талдықорған тұрғыны, ІІМ зейнеткері Болатхан Жүнісов те болды.

Әсет Әбішев апелляциялық сотқа әкелінген жоқ, видеобайланыс арқылы да қатыспады.

42 жастағы Алматы тұрғыны Әсет Әбішев — Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына (қозғалыстың жетекшісі шетелде тұратын бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязов) қатысы бар деп айыпталып, төрт жылға сотталған белсенді. Қазақстанда ҚДТ сот шешімімен экстремистік ұйым деп танылып, ел аумағында қызметіне тыйым салынған. Ал өткен жылы қабылданған Еуропарламент резолюциясында ҚДТ «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп жазылған.

Әбішев 2018 жылы 5 шілдеде ұсталып, содан бері қамауда отыр. Оған қатысты сот шешімі 2018 жылы 30 қарашада шыққан. 2019 жылы 13 ақпанда апелляциялық сот қаулыны өзгеріссіз қалдырған.

Адвокат Гүлнара Жуаспаеваның айтуынша, Әсет Әбішевке түрмеде өзге сотталғандардың құқығын қорғауға ара түскені үшін мекеме әкімшілігі қатаң қарайды. Жуаспаева биыл мамыр айында «жоспарлы тінту шарасы» кезінде Әбішевтің таяқ жегінін мәлімдеген. «Осы жайттар үшін түрме әкімшілігі кек сақтап отыр» дейді адвокат.

Құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі былтыр Әсет Әбішевті Қазақстанның саяси тұтқындары тізіміне қосқан. Сотқа қатысқан «Ар.Рух.Хақ» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина бұл шешімнің дұрыс болғанына тағы да көз жеткізгенін айтады.

Оқи отырыңыз: «ҚДТ-ны қолдады» деп айыпталғандардың соты қалай аяқталды?

Azattyq