Home Жаңалықтар Бір әннің тарихы – Атажұрт шақырады

Бір әннің тарихы – Атажұрт шақырады

0
135

БҰЛ ӘН ҚАЛАЙ ӨМІРГЕ КЕЛДІ НЕМЕСЕ АРЫСТАР АРАМЫЗДА БҮГІН ДЕ БАР

Жүктеу

Кезінде Алашорда қайраткерлері ел ісіне келгенде «бірі жаға бірі жең, бірі аға бірі іні» іні болып жұдырықтай жұмылып жұмыс істеген. Бүгінде арамыздағы кейбір азаматтардан Арыстардың сол болмысын көзіміз шалып қуанып қаламыз. Алайда сондай еркөңілділікті, ұйымшылдықты ұстаным етіп жүргендердің саны саусақпен санап аларлық қана. Дегенмен, барға шүкір, жоққа сабыр дейсің де, осы аздың өзіне тәубә айтасың. Санамалап алуға болатын сол аз ана азаматтардың бірі, қатарымыздағы әріптесіміз, замандас, мұратас досымыз – Мейрамбек Таубалдиев. Мәкең өнер өрісіндегі байыпты да, байқампаз бейнесі көптің көңілінен шығып келе жатқан азамат. Ал бұл жігіттің бізді тіптен тәнті қылып жүргені – оның адами болмысы.

«Түгел қазақ, тұтас Алашты» бір тудың астына жинауды  көксеп, мынау жалған дүниеден өткенінше сол ұлы ұстаным жолында жұмыс істеген Алаш қайраткерлерінің арман-мұраты – Тәуелсіз ел құру еді. Аллаға сансыз шүкірлік. Бүгін біз Егеменді елміз. Елдіктің асқақ шаңырағы қайта көтерілгеннен кейін, арғы-бергі беттегі ағайын ақырын-ақырын Арқа төсіне, Алатау баурайына ат байлай бастады. Сол қатарда Атажұртымызға біз де жеттік. Осы Егемен ұлы топырақ үшін толарсақтан қан кешкен бабаларымыздың мың жылдық мұраты да осы еді ғой. Дегенмен, бүгінгі таңда іштегі қазақтан сырттағы қазақтың саны көбірек деген де айтылым бар. Тәуелсіз ел болдық дегенмен алты өрісіміз, төрт төңірегіміз түгенделмей жатыр.

Алыс-жуық шет елдердегі ағайынды Атажұртқа шақыру – бүгінгі «Алаштықтардың» да ұлы  арманы. Маңдайының бағы бес елі қазақта сол ұлы арманды қанат қылып, ұлттың ұлы мұраты үшін түн ұйқысы төрт бөлініп жүрген тұлғалар бар. Солардың бірі танымалы композитор – Жарылқасын Дәулет ағамыз.  «Жүйрік  болатын құлынды мүшесінен, кісі болар кісіні кісесінен танитын» сол Жарылқасын ағамыз бірде әлеуметтік желіні кезіп жүрген менің бір өлеңіме ұшырасып қалған көрінеді. Ол өзі мен арғы бетте жүргенде Қазақстанға көшсем деп, әкемнен бата сұраған іспетті «Ата жұрт» атты өлеңім болатын. Кейін менің тілдескі нөмірімді тауып алып, ағынан жарылып, ақ тілеуін тілеген Жарылқасын ағам маған былай деген еді: «Айналайын Әділет! Сенің осы бір өлеңіңнің өзінде ұлттың үлкен қайғы-мұңы жатыр. Алыстағы ағайынды атажұртқа шақыратын бір ән жазу біздің борышымыз ғой. Сол туралы толғанып жүрген едім. Ыңғайы келсе сондай бір өлең жазшы» деді. Қазақ ән қоржынына қаншама есті туындылар қосқан, ат-атағын алыстан білетін ағамыздың дидарласпай-ақ маған тапсырған тапсырмасынан ол кісінің қазағына деген риясыз махаббаты мен шынайы сезімі менмұндалап тұр еді. Өзімнің күні-түні ойлайтыным елдік, бірлік еді де,  жазып жүрген өлеңдерім де киелі топырақтан басталып, қайта құрып жатқан қағанатымыздың іргесін бекемдеу туралы тақырыптарға құрылатын. Аға сөзін екі етпедім. Жарықтық өлең деген сол қысқа ғана уақыт ішінде ағыл-тегіл төгілді де кетті. Жарылқасын ағам оқып дән риза. Ол кісі де көп айландырған жоқ. Аса сазды сағынышқа, өтінішке, үмітке толы ғажап бір әуен қосып, менің мана жазған «Атажұрт шақырады» деген өлеңімді, тамылжыған ән етіп шығарыпты. Гитарамен тебірене толқып отырып орындап, маған жіберіп берді. Осылайша осы бір ән өмірге келді.

Өтіп бара жатқан жылдың қараша  айында достарымның демеушілігімен «Әділет» атты тұңғыш жыр жинағым баспадан шықты. Кітап шыға салысымен, қуанышымды бөлісу үшін өзім қатты құметтейтін, Алтай мінезді азамат, белгілі кәсіпкер, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс аға Түркияұлына бардым. Інінің қуанышына ізгі тілегін білдірген Жеңіс аға бұйымтайымды сұраған соң, ел мен жұртты атамекенге шақыратын бір әніміз бар еді. Соны халыққа жеткізе алмай жүргеніміз … деген едім, Жекең ағамыз сол шығарманың музыкалық әрлеу жұмыстарына кететін шығынды мен мойыныма алайын деп, мәрттік танытты.

«Атажұрт шақырадыны» болшағынан үлкен үміт күттірген талантты әнші бауырымыз Бағжан Ерғайып орындап, «Әділет» атты жинақтың тұсаукесерінде осы әннің де тұсауы кесілді.  Қазірге дейін тыңдаған жұрт жақсы бағасын беріп жатыр. Бұл туынды қалай болды. Оның бағасын тыңдарман жүрегі мен уақыттың таразысы бағалайды. Ал, мен жақсылықта қашан да жақыннан тбыла кететін, жоғарыда аты аталған азаматтарға ризамын. Ел бірлігі жолында ұрандатпай-ақ ірі істер тындырып жүрген сол азаматтарға Жаратқан ием жар болсын!

Сөз басына қайта оралайық. Мен арғы бет Алтайда туғам. Мейрамбек Атыраудың баласы. Алтай мен Атыраудың арасы тым алыс емес екен. Осы жігіт қашан да жақсы істердің басы-қасында жүреді. Сен атап, түстеп тапсырмасаң да, елге керек-ау деген жұмыстарды өздігінен мойнына көтеріп алады да жүреді. Қанша дегенмен қазір жас қой. Отызға келгенше тындырған істерін тізбектемей-ақ қояйын.

Елге ел қосылса құт. Жырақтағы ағайында жұртымызға жиналуға үндеген туындыны енді Мейрамбек Қазақ даласының керемет көріністерін қосып, одан әрі әрлеп, әсемдеп, кежімделген бәйге атындай құлпыртып жіберіпті.

Айтайын дегенім ән туралы ғана емес. Ер азамат төңірегінен кешегі бабалардың бекзат болмысын жұқтырған осындай аға-бауырларды көргенде, аршындап алға басады. Әркімнің де қолдаушысы құдайдан кейін халық қой. Ал, халықтың ішінде осы біздің тілге тиек болып отырған азаматтар сияқты ерлер бар. Елім дейтін ер, Ерім дейтін ел аман болсын!

Әділет Ахметұлы

Ақын, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері