Сот Біләштің ісін қарауды кешкі уақытқа қалдырды

0

Алматының Әуезов аудандық соты «Атажұрт еріктілері» тіркелмеген қоғамдық ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің ісін қарауды 16 тамыз күнгі сағат 19.30-ға қалдырды. Бұл туралы бүгін сотқа кіріп шыққан соң Біләштің адвокаты Айман Омарова хабарлады.

Бұған дейін 15 тамызда Нұр-Сұлтаннан Алматыға ұшақпен жеткізілген Серікжан Біләштің ісі Әуезов аудандық сотында 16 тамыз күні таңертеңгі сағат 10-да басталады деп хабарланған. Жұма күні таңертең Әуезов аудандық соты алдына жиналған белсендінің ондаған жақтасы биліктен Біләшті қудалауды доғаруды және үйқамақтан дереу босатуды талап еткен.

Серікжан Біләштің өзі жұма күні таңертең сотқа келген жоқ. Қорғаушысы Айман Омарованың айтуынша, ол сотқа адвокатсыз барудан бас тартқан.

Қытайдың Шыңжаң аймағындағы этникалық азшылыққа қысым жасалғаны туралы мәлімдемелерімен танылған 45 жастағы Серікжан Біләшқа Қазақстан билігі «алауыздық қоздыру» бабы бойынша айып таққан.

Сот шешімі бойынша бірнеше айдан бері үйқамақта отырған Серікжан Біләш 15 тамызда Нұр-Сұлтаннан Алматыға жеткізілген. Қазір ол Алматыдағы баспанасында үйқамақта отыр.

Билік Біләшті биыл наурызда Алматыдағы қонақүйлердің бірінде ұстап, Нұр-Сұлтанға жеткізген. Шілденің соңында Нұр-Сұлтан соты белсендінің ісін Алматының Әуезов аудандық сотының қарауына жіберген.

Серікжан Біләш 2019 жылы кейбір қазақстандық қоғам қайраткерінің белсендіні айыптаған хаты жарияланғаннан кейін биліктің назарына іліккен. Ақпанда Алматы соты Біләшқа «тіркелмеген бірлестікке жетекшілік жасағаны және қатысқаны» үшін айыппұл салған.

Бұрын Шыңжаңда тұрған этникалық қазақ Серікжан Біләш жетекшілік ететін «Атажұрт еріктілері» ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымы туралы мәлімдеп, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізген. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген. Қазақстан билігі бұл ұйымды бірнеше рет тіркеуден бас тартқан.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы тамыздың басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, Серікжан Біләшті босатуды талап еткен. Ұйым «Қазақстан билігі араздықты қоздыру бабын белсенділердің аузын жабу үшін қолданып жатыр» деп айыптаған.

«Біләшқа тағылған айып нақтыланбаса, оны дереу бостандыққа шығару керек» деп мәлімдеген ұйым өкілі Хью Уильямсон.

29 шілдеде америкалық Freedom Now үкіметтік емес ұйымы БҰҰ адам құқығы жөніндері жоғарғы комиссариатынан Серікжан Біләштің жағдайына байланысты жедел шара қолдануды сұрады.

Соңғы апталарда Қазақстанда Серікжан Біләшті қолдау акциялары өткен. Шараны ұйымдастырушылар Қазақстан билігінен Біләшті босатуды талап еткен.

Azattyq