Соққыға жығылған мұғалімнің ісі соңына жетті ме?

0
92

Жақында Іле аудандық сотында жәбірленуші мұғалімнің арызына орай қозғалған қылмыстық іс бойынша сот шешімі шықты. Жалпы, жылға жуық уақыт бойы тергеліп, сотқа дейінгі анықтау шарасына бірнеше рет қорғаушы тарапынан наразылық жасалып, прокуратураның  араласуымен аяқталған іс сот барысында да ұзақ қаралды. Өткен аптада аяқталған сот отырысында судья Еркін Сейітов «Қылмыстық кодекстің» 107-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыс жасаған Митрошенко Надежда Павлованы айыпты деп тауып, оған 250 сағат көлемінде қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындады.

Сот отырысынан кейін журналистермен кездескен Гүлзира Байділдаева Іле аудандық сотының судьясы Еркін Сейітовтың шығарған үкімімен келіспейтінін айтып, жоғары әділет инстанциясына аппеляциялық шағым түсіретін хабарлады.

– Соққы салдарынан миым шайқалып, есту қабілетім төмендеді. Әдетте мұндай қылмыс үшін 5 түрлі жаза бар екен. 2,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салу, 600 сағаттан аспайтын жұмысқа тарту, 2 жылға бостандығын шектеу немесе айыру жазасы. Негізі Митрошенконың оңай жазамен құтылатыны бір жыл бойы істі қайта-қайта тоқтату амалдарының кезінде-ақ түсінікті болып еді. Бірақ біз сонда да прокурор болсын, тергеуші болсын, тынбастан есіктерін қағып жүріп, істі осы күнге жеткізген болатынбыз. Жалпы, осы мұғалімдерді, ұстаз деген ұлы есімді болашақта осындай ата-аналар тарапынан қорлау оқиғасын болдырмау мақсатында алған бетімізден қайтпаған едік. Сондықтан бұл мен үшін өте әділетсіз шешім, – дейді Гүлзира.

Ал сот отырысында өз айыбын мойындаған ата-ана Надежда Митрошенко ашу үстінде жасаған әрекеті үшін Гүлзира Байділдаевадан  және бүкіл ұстаздар қауымынан кешірім сұрады. Сондай-ақ, айыпкер жәбірленуші тарапқа 100 000 теңге көлемінде моралдық өтемақы төлейтін болды.

Осылайша жылға жуық уақыт бойы елді елеңдеткен мұғалімді жәбірлеген ата-ана ісіне нүкте қойылған сыңайлы. Бірақ, 15 күн ішінде талап арыз беру арқылы облыстық сотқа жүгінетін жәбірленуші тарап әділет орнап, аудандық сот шешімінің күші жойылады деген үмітте.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/