Соңына дейін сенбеп едік — Арыстанбек Мұхамедиұлы Самал Еслямованың жеңісі жайлы

0

Министр 2019 жылдың 6 қаңтарында Самал Еслямова мен режиссер Сергей Дворцевой Лос-Анжелеске ұшатынын хабарлады.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Канн фестивалінде ең үздік әйел рөлінің иегері атағын жеңіп алған Самал Еслямованың жетістігін Мемлекет басшысына кеш жеткізгенін мойындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Канн фестиваліннен Самал Еслямованың басты жүлдені жеңіп алуы осы жылдың айтулы жетістіктерінің бірі болды. Тіпті мынадай жағдай болды — жұма күні еді, ал біз мұндай ірі жетістікті Мемлекет басшысына бірден жеткізуіміз керек болатын. Әлбетте, Мемлекет басшысы қуана-қуана иегерді құттықтайды. Бірақ, күттік. Тек келесі аптаның сейсенбісінде ғана Президент Әкімшілігіне Самал Еслямованың Канн фестивалінде басты жүлдені алғаны туралы ақпаратты жеткіздік. Басшылықтың бәрі де неліктен арада 5 күн өткеннен кейін ақпаратты беріп жатырсыздар деп айтып жатты. Шынын айтайын, өзім сенбеп едім. Жұма, сенбі, жексенбі — Еуроньюсты, барлық арналарды көріп отырмыз. Бір ойым — бәлкім, ол көрермендердің көзайымы атанған шығар, бәлкім төрешілердің сыйлығына ие болды ма дедім. Себебі, біздің актрисаның басты жүлдені алуына сенбеп едім. Тіпті бүкіл министрлік болып жаңалықты бақылап отырдық», — деді министр Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында.

Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуына қарағанда, жұма күні ведомство Канн фестивалінің ұйымдастырушыларына сауал хат жолдаған. Ол хатқа ақпаратты ресми сайттан көруге болатыны туралы жауап келген.

«Тек сейсенбіде толық сенімді болған кезде ғана ақпаратты жолдадық. Бұл өте жоғары жетістік. Посткеңестік елдердің ішінде Канн фестивалінің мұндай жүлдесін бірде-бір актер алған емес. Ол жүлдені керек десеңіз жасқанбай өнер саласындағы Нобель сыйлығына теңеуге болады. Нобель сыйлығын әдебиет үшін беретінін ескерсек, өнер саласындағы ең жоғарғы жетістік Канн фестивалінің жүлдесі», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министр 2019 жылдың 6 қаңтарында Самал Еслямова мен режиссер Сергей Дворцевой Лос-Анжелеске ұшатынын хабарлады. Айта кетсек, жақында «Айка» фильмі америкалық «Оскар» киносыйлығының шорт-парағына енген болатын. Әлбетте, министр атап өткендей, биылғы жыл қазақ актрисасы Самал Еслямованың Канн фестивалін бағындыруымен есте қалары анық. Самал 71 Канн кинофестивалінде өз аталымы бойынша үздік деп танылған болатын. Актриса ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» атты картинасында басты рөлді сомдаған.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/