«Соңғы екі жылда ауруы асқынып кетті»: Германияда тұрып жатқан Болат Атабаевқа бірнеше рет ота жасалды — Қазақстан жаңалықтары

0

Танымал театр режиссері, оппозиция қайраткері Болат Атабаев Мюнхендегі ауруханада жатыр. Бірнеше рет ота жасалды. Туыстары мен жақын таныстары, шәкірттері режиссердің еміне көпшіліктен қаражат жинауда. Соңғы отада режиссердің бір аяғының тізеден төменгі бөлігіне ампутация жасалған. Болат Атабаевтың қазіргі жағдайын білу мақсатында Stan.kz ақпарат агенттігі ұлы Әрсенмен хабарласып көрген еді.

Болат Атабаев

Болат Атабаев бірнеше күн ессіз күйде жатқан. 

«Қазіргі жағдайы жақсы. Мүмкіндігінше, жан-жақтан қаржы жинап жатырмыз. Өзім де қолымнан келгенше тырысып жүрмін. Әйтеуір күнделікті хабарласып хал-жағдайын біліп отырмын. Үшінші рет ота жасалды. Құдайға шүкір сәтті өтті. Бір аяғының тізеден төменгі бөлігіне ампутация жасалды. Негізі әкемде бұрыннан қант диабеті бар еді. Бірақ соңғы осы екі жылда ауруы асқынып кетті. Содан кейін ота жасатуға тура келді», – дейді Болат Атабаевтың ұлы Әрсен. 

Режиссердің қарындасы Дана Атабаева мен жиені де өз желідегі парақшаларында көпшіліктен көмек сұрады. Сондай-ақ, шәкірттері мен актерлер де режиссердің денсаулығына алаңдауда. 

«Құрметті оқырмандарым, көмектеріңіз керек. Жүрек деген қарс айырылды! Мюнхен қаласында соңғы күнде үш-төрт ота жасалып, ауыр хәлде жатқан ұстазымызға күні кеше тағы ота жасалды. Ауыр болса да айтайын, ағайымыздың бір аяғын тізесінен төмен кесіп тастады деген хабар келді. Таңға көз ілмедім. Жағдайы өте ауыр»,- деп жазған еді өзінің инстаграм-парақшасында актриса Дариға Бадықова.  

Айтуынша, Болат Атабаевтың еміне 30 млн-ға жуық қаржы керек. Актриса ұстазы үшін өз желідегі парақшасында көпшіліктен көмек сұрады.

«Кәсіпкер азаматтар, өнердегі аға-әпкелер және Болат ағамыздың қазіргі жағдайына бей-жай қарамайтын елдің әрбір азаматына, оқырмандарыма үлкен өтініш айтамын! Қолдан келгенше көмек қолын созыңыздаршы. Әркім шамасына қарай өз үлесін қосса үлкен сауапты іс жасаған болар едік», — деп жазды ол.

Қарындасы Данна Атабаеваның атына ашылған көмек- қордың шоты⠀
Атабаева Данна Манашовна⠀
KZ90722R000192826706 тенге⠀
KZ33722R000192827150 евро⠀
каспи:⠀
ИИН 670403401816⠀
+77017287235, Каспи карта осы номерде
 



stan.kz