Солтүстік Қазақстанда ашық қоғамдық қабылдау өтті

0

Тұрғындармен тіке байланыс барысында толғандырған сауалдарға жауап берілді.

Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың қабылдауына келген солтүстiкқазақстандықтар арыз-шағымдарын айтып, оң шешім табуына ықпал етуін өтінді. Келушілерді тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, баспана, саяжай мәселелері көбірек толғандыратын болып шықты. Көп балалы ана Ақбике Меңдібаева Мағжан Жұмабаев ауданынан ат сабылтып келіпті. Ол жоғарғы оқу орнында оқитын қызының оқу ақысын төлей алмай қиналып жүр екен. СҚМУ басшылығы отбасыға жеңілдік жасайтын болды. Петропавл қаласының тұрғыны Гүлмира Есентемірова көп қабатты үйдің жертөлесін көктемде су басып кететініне, нақты шара қолданылмайтынына ренішін білдірді. Құмар Іргебайұлы қажет болса дренаж жүйесі орнатылатынын айтты.Клавдия Темирова мүгедектер қоғамына қарасты ғимаратты жөндеуге көмек сұрады.

Ашық қабылдауға қоғамдық ұсыныстармен келген адамдар да аз болмады. Мәселен, жергілікті компания өкілдері бу тамшылары технологиясын құрылыс саласында қолдануды ұсынды. Бұл технология энергияны үнемдеуге үлкен көмегін тигізбек. Инновациялық идеяны өңір басшысы қолдады.

Аймақ басшысы 27 тұрғынды жеке қабылдап, айтылған мәселелерді жеке бақылауына алатынына сендірді. Барлығы 135 солтүстікқазақстандық қоғамдық қабылдауда болып, -өтініш-тілектерін еркін, ашық жеткізуге мүмкіндік алды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/