Солтүстік Қазақстан кардиологиялық орталығында 2,5 мың ашық ота жасалды

0

Осы аралықта орталық дәрігерлері 2,5 мың  науқастың жүрегіне ашық әдіспен ота жасап, 15 мыңдай  коронарлық зерттеу жүргізген. Қазір мұнда  жылына 250-дей ота жасалып, 700-дей стенд, аортокоронарлық шунт қойылады.

Кардиологиялық орталықтың бас дәрігері Азамат Мағзұмовтың айтуынша  ауруханада 7 бөлімше бар. 55 тәжірибелі дәрігер еңбек етеді. 2008 жылмен салыстырғанда  жүрек ауруына ұшырағандар арасында өлім 2,5 есеге кеміген.

Жүрек-қан тамырлары кеселіне шалдыққан петропавлдық Дулат Қажкеновты ақ халатты абзал жандар өлім аузынан алып қалған. Дем алысы қиындаса да мән берместен жүре берген. Оның ақыры жүрек қақпашаларының бітеліп қалуына  соқтырған. Ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілген ол үйге өз аяғымен қайтқан. Ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында «Құрмет» орденімен марапатталған интенсивті  терапия блогының меңгерушісі Михаил Телюк бастаған дәрігерлер қолдан келген көмектерін жасаған.

«Бүгінде отаның түр-түрі жасалады. Солардың бірі –жүрекке электрокардиостимулятор қою. Жылына осындай 170 қызмет көрсетіледі. Жақында ғана  55 жастағы сырқатқа 2 камералық электрокардиостимулятор қойылып, өмірі 12-15 жылға ұзартылды. Алғашқы  жылдары 37 аортокоронарлық шунт және 100-ден аса стенд қойылса, қазір бұл көрсеткіштер әлдеқайда артты», дейді бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, интервенциялық аритмолог Асхат Молжігітов.

Мамандар дәстүрлі түрде шет елдерде тәжірибе жинақтап, білімдерін шыңдап отырады.  Бөлімшелер қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Облыс әкімінің қолдауымен радиобөлшектік абляция аппараты алыныпты.

Бір атап өтерлігі, заманауи жарақтандырылған кардиоорталықтың көмегіне шетелдіктер де жүгінеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/