Мәйіт жатқан бөлмеде 40 күн шырақ жағу Исламда бар ма?

0

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Деректерге қарағанда, бұрындары қайтыс болған адамды жатқызып, ауашалаған үйге сүйек шыққан кештен бастап, әр күні ымырт жабылғанда жеті шырақ жағу үрдісі болған (мақтадан шиге орап сумайға шылап шырақты тұтандыратын). Бұл жеті күн жалғасатын. Мұны «шырақ жағу» дейді.

Одан бөлек «шам жағу» үрдісі бар көрінеді. Бұл — мәйіт жатқан үйге қырық күнге шейін шам жағып қою әдеті[1]

Аталмыш үрдістің екеуі де ескірген әдет-ғұрыптардан болып табылады. Мұндай ырымның тарихын Ислам діні таралмай тұрған шаққа жатқызуға болады. Бүгінде ішінара кездесіп жататыны болмаса, жалпы халық арасында ұмыт қалған рəсімдердің бірі.

Өлген кісіге арнап шырақ жағу — Христиан діні мен Яхуди (Иудаизм) дінінде кең етек алған үрдіс. Мысалы, Яхуди (Иудаизм) дінінде адам қайтыс болған күннен кейін туыстары қайғырып жеті күн бойы «шив-а (שבעה)» күнін күтеді. Осы жеті күн бойына мәйіт жатқан бөлмеде, не болмаса, сол үйдің бір жерінде шырақ жағып қояды екен. Мұндағы мақсат, өлген адамның рухы денені тастап кеткеннен кейін қайтадан шаңыраққа оралғанда, жарқырап жанып тұрған шырақ оны шаттандырсын деген ой[2].

Христиан дінінде де шырақ жағу ерекше қасиетке ие әрекет. Олардың түсінігі бойынша, шырақ (свеча) жағу — мінәжаттың нышаны және Құдайға деген ұмтылыстың, ықыластың көрінісі болып табылады. Оны әртүрлі жағдайларға арнап жағуға болады. Соның ішінде өлген кісінің рухына да арнап шырақ жағылады екен.  

Ал, енді, шариғи тұрғыдан қарағанда, аталмыш әдет-ғұрыптар мұсылманшылыққа жат. Сондықтан да, арнай өліміне орай ырымдап мәйіт жатқан бөлмеге немесе үйіне шырақ жағып қою – харам болады деген ойдамын. Исламда о дүниелік жағдайларға қатысты мәліметтер тек Құран мен сахих хадистерден алынады. Одан өзге әлдекімнің ой-қиялынан туындаған дүниелер яки бөтен діни түсініктен бастау алатын наным-сенімдер қабыл етілмейді. Ең дұрысы — Аллаға мәлім! 

Тақырыпты Хәкім Абайдың айтқан мына бір сөзімен аяқтағанды жөн санап отырмын: 

«…Арабтан бұл Орта Азияға дін исламды үйретушілер көп әскермен келіп, халықты жаңа дінге қаратып жүргендерінде Құтайба атты кісі Қашқарға шейін келіп, халықты исламға көндіргенде, бұлар да мұсылман болдық депті. Сөйтсе де, бұрыннан  бақсы-балгерге инанып, отқа, шыраққа табынатын әдеттерімен исламға тез түсініп кете алмапты… Дүниеде не нәрсенің себебіне көзі жетпесе, сол нәрсені құдай қылып тұр деп, дін тұтынатұғын әдеттерінің сарқынын біз де кей жерде көргеніміз бар: келін түскенде үлкен үйдің отына май құйып, «от ана, май ана, жарылқа!» дегізіп, бас ұрғызған секілді, «өлі аруаққа арнадық» деп шырақ жаққан секілді, жазғытұрым әуел бұлт күркірегенде, қатындар шөмішімен үйдің сыртынан ұрып, «сүт көп, көмір аз» деген секілді. Бұған ұқсаған ырымдар көп еді, құдайға шүкір, бұл күнде жоғалып бара жатқанға ұқсайды» 

Абдусамат Қасым