Солтүстік Корея белгісіз екі зымыран ұшырды

0

Солтүстік Корея кемінде екі зымыранын ұшырған. Бұл туралы Оңтүстік Корея штаб басшыларының бірлескен комитетінде хабарланды. AFP ақпарат агенттігі америкалық шенеунікке сілтеме жасап, Пхеньян қысқа қашықтықтағы зымыранын сынақтан өткізгенін хабарлады.

Ракета Жапонияның экономикалық аумағына жетпей, 430 километр ұшып барып, теңізге құлаған. Жапония қорғаныс министрлігі бұл әрекет елге қауіп төндірмегенін хабарлады. Бірақ елдің қорғаныс министрі Такэси Ивая Пхеньянның әрекетіне «өкініш білдірді».

Мамырда Солтүстік Корея қысқа қашықтықтағы бірнеше зымыранын ұшырған еді. Сәуірдің ортасында Солтүстік Корея жетекшісі Ким Чен Ын «қашықтықтан басқарылатын ракеталардың» сынақтан өткен кезін бақылаған.

Америкалық сарапшылар «Пхеньян бұл сынақтар арқылы Вашингтонға сес көрсетіп отыр» деп санайды.

Пхеньян «Вашингтон жыл соңына дейін райынан қайтпаса, қорғаныстың жаңа жолына көшетінін» айтқан. Сарапшылар «Пхеньян тыйым салынған қаруларын қайта сынақтан өткізе бастауы мүмкін» деп топшылайды.

Биыл ақпанда Ханойда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын екінші рет кездескен. Жиында Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын толығымен тоқтату және Вашингтонның Пхеньянға салған санкцияларын алып тастау мәселесі талқыланған. Кездесу сәтсіз аяқталып, Дональд Трамп пен Ким Чен Ын ортақ декларацияға қол қоймады.

Azattyq