Солтүстік Корея басшысы алғаш рет Ресейге сапарлап келді
24 сәуірде Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын алғаш рет Ресейге сапарлап келді. Ким екі ел шекарасындағы Хасан станциясына Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуінен бір күн бұрын келді.
Солтүстік Кореяның KCNA ресми ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ким Пхеньяннан 700 шақырымдық жолға үкімет және қорғаныс саласының шенеуніктерімен бірге брондалған жекеменшік пойызбен шығып кеткен.
Путин мен Ким Владивосток қаласында ертең, 25 сәуірде кездеседі.
«25 сәуірде өтетін келіссөздің негізгі тақырыбы Корей түбегіндегі ядролық қару мәселесін дипломатиялық және саяси жолмен шешу болмақ» деп мәлімдеді 23 сәуірде Кремль өкілі Юрий Ушаков. Оның сөзінше, соңғы кездері түбектегі жағдай «реттелген». Ушаков «бұған Солтүстік Кореяның ядролық қаруды сынауын доғарып, полигонды жабуы ықпал етті» дейді.
Кремль өкілінің сөзінше, Ким мен Путин алдымен шағын құрамда бетпе-бет кездесіп, артынша кеңейтілген отырыс өткізеді. Ресейдің мемлекеттік РИА «Новости» агенттігінің жазуынша, кездесу кезінде қандай да бір құжатқа қол қою не бірігіп мәлімдеме жасау жоспарланған.