«Бос сөзді қояйық». Нығматулин Мәдениет және спорт министрлігін сынға алды — Қазақстан жаңалықтары

0

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин «әп сәтте өзгеріп шыға келген» әріптесін сынға алды, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Нығматулин

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң жобасы қаралды. Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова заң жобасын талқылау кезінде мәдениет және спорт министрлігіне сауалын қойды.

«Соңғы уақытта қоғамның назары допинг, келісілген матчтар, жарыстардың тыйым салынған әдістері секілді спорт маңайындағы мәселелерге ауды. Осының бәрі белсенді түрде спорттан аластатылып жатыр. Бұл әлемдік трендке айналып, көптеген елдің үкіметтері қолға алды. Бірақ Қазақстанда жағдай басқаша. Жақында ғана осы залда Үкімет енгізген әділ емес, лас спорттың жолын жабатын дене шынықтыру және спорт туралы заң жобасын қарадық. Онда спортшылардың, жаттықтырушылардың, сондай-ақ жарыс ұйымдастырушыларының жауапкершілігін қатаңдататын түзетулер енгізеді.

Оған қоса бүгін спортшылар мен жарыс ұйымдастырушыларының параға сатып алғаны үшін айыппұлды 200 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін төмендету, сондай-ақ осы құқық бұзушылық үшін әкімшілік қамақтан алып тастау туралы ұсынысын заңнамада қарастырамыз. Бұдан бөлек заңсыз сыйақы берген адамның жауапкершілігі осы сыйақыны алған адамға қарағанда екі есе азаймақ. Қазіргі редакциядағы 174-бапты сақтап қалу қажет деп санамайсыз ба?» — деп сұрады депутат. 

Әділет министрі Марат Бекетаев бұл бапты сақтап қалу қажет екенін айтты. Ал Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобасына бұл түзетуді кім енгізгенін сұрады. Бекетаев Мәдениет және спорт министрлігі енгізгенін айтты.

«Еліміздегі спорт федерацияларының бірін (футбол федерациясы – авт.) басқарған адам ретінде бұл мәселені ұзын құлақтан білемін. Бұл жас спортшыларға және жанкүйерлер қоғамдастығына залал келтіреді. Қазіргі кодекстегі норманың сақталуын қолдаймыз. Өз тарапымнан айтарым, министрлігімізде кімнің бұл норманы енгізгенін анықтап, оны жауапқа тартамыз. Депутаттарға осындай мәселені баяндағаны үшін алғыс айтамын. Жанкүйерлеріміз бен жас спортшыларымыздың алдында қызарғымыз келмейді. Тіпті, бұл норманы қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдату қажет», — деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов. 

Мәжіліс спикері аталған министрліктің жұмысын сынға алды.

«Әп-сәтте өзгеріп шыға келдіңіз. Бірақ мұны қашан жасағандарыңызды күніне дейін айтып бере аламын. Міне хат, кеше кешке жұмыс тобына келіп түсті. Енді кенет қамаққа алу мен қылмыстық жауапқа тартуға дейін қатаңдатуды сұрайсыздар. Бұл мәселені түсінетініңіз жақсы. Бір ай өткен жоқ әлі. Осы залда министрден бастап, бәріңіз спортты тәртіпке келтіру керек дедік. Сіздің баяндағаныңыз дұрыс. Мен сол кезде сізге бос мәлімдемеден іске көшу керек дедім. Бұл жәй айтылған сөз емес. Мына жағдай мұны растап отыр. Өкінішке қарай, министрлік басшылығы тек ресми айтады, ал бір айдан кейін барып спорттағы жетістіктерге жетуде тыйым салынған әдістермен күресуге шақырады.

Ал енді министрлік келісілген жеңістер, матчтар жауапкершілікті төмендету туралы заң жобасын алып келеді. Сонда жүйелілік қайда? Спортық жетістіктердің тазалығы үшін күресетіндеріңіз қайда? «Қызарғымыз келмейді» деген нені білдіреді? Сіздерге, тіпті, осындай жұмыстарыңыз үшін ұят. Бір ай бұрын басқа позиция, енді басқа. Жұрт алдында тағы да айтамын, өкінішке қарай, тек ресми мәлімдейсіздер. Ал негізінде біз басқаны көріп отырмыз. Нақты позицияларыңыз болуы керек, түсініп тұрсыз ба? Тағы да қайталаймын, бос сөзді қояйық. Министрлік осы мәселеде іске көшетін кез келді», — деді Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында.

stan.kz