Сіздерге Арыста үй салып береміз
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыста жарылыс болған соң Шымкентке жетіп, орталық мешіт маңында үш күн паналаған соң наразылық білдірген тұрғындармен кездесті.
27 маусым күні 11.00 шамасынан бастап жүздеген арыстық наразылық білдіріп, «Ақмешіт» мешіті алдындағы Темірлан көшесін жапқан. Әскери қоймаға жақын тұрған қаладағы жарылыстан соң елдімекеннің «тұруға жарамсыз болып қалғанын», қару тараған қалада тұруға «қорқатындарын» айтып, басқа жерден баспана беруді сұрағандарға Шөкеев «Арыс тұрғындарына радиация қаупі жоқ» деді.
«Арыста ешқандай радиация жоқ. Сіздерге [Арыста] үй салып береді. Оны сатасыздар ма, жоқ па — сосын өздеріңіз шешесіздер» деді облыс әкімі.
Шөкеев пен наразылардың кездесуі Шымкенттің орталық «Ақмешіт» мешітінде өтті. Азаматтар облыс әкіміне талаптарын айтып, мешіт іші шулап кеткен соң мешіт қызметкері азан шақырған.
Мұнан соң екі әкімнің — Шөкеев пен Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың наразылармен кездесуді мешіт ішінде өткізіп жатқанына наразылар полиция қоршауын бұзып, қала орталығына бет алды. Шерулетіп бара жатқандардың бірі «[әкімдер] халықты құран оқып басып тастап жатыр, талабымызды алаңда айтамыз» дейді.
Наразылар «өздерін төрт рет жарылыс болған қаладан басқа жаққа көшіруді, жер беруді» деп талап етті. Арыстықтар қалаларының «тұруға жарамай қалғанын, өздерінің үйлеріне қайтпайтынын» айтады. Олар «қалаға тарап кеткен қарудан қорқып отырмыз» дейді. Наразылар сөзінше, Арыста «ит-құс пен малдың өлген, ауа ластанған, демалу мүмкін емес».
Жол жапқан Арыс тұрғындары Түркістан не Шымкенттен үй беруді сұрайды. Бұл ұсынысқа әкім Әбдірахымов «Шымкентте баспана кезегінде 150 мың адам тұр, тарататын үй жоқ» деп жауап берді.
24 маусымда Арыстан 200 метр жерде жатқан әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін ондаған жарылыс болған. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.
Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған. 2014 жылы Арыстағы «Қазақжарылысөнеркәсібі» акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан. 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.