Қазақстан халқы арыстықтарға қалай көмектесіп жатыр

0
33

Жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға 518 тонна азық түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары жеткізілген

НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым – Sputnik. Қазақстандықтар Арыс халқына көмектесу үшін Түркістан облысының әлеуметтік корпоративтік даму қорына жарты миллиард теңгеге жуық қаражат аударды. Бұл туралы Nur Otan партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Партия хатшысы апат болған қаланың тұрғындарына қажетті көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.

«Апат болған күннен бастап барлық 17 өңірде партия өзінің гуманитарлық көмек пунктерін ашты. Бүгінгі таңда осы пунктер арқылы Түркістан облысының әлеуметтік корпоративтік даму қорына жарты миллиард теңгеге жуық қаражат түсті. Бұл ақшаны Қазақстан азаматтары аударды», – деді ол орталық коммуникациялар қызметіне өткен брифингте.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, Шымкенттегі Түркістан облысы штабының қоймасына 518 тонна азық түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары жеткізілген.

Тағы оқыңыз: Nur Otan партиясы арыстықтардың мазасын қашырған сұраққа жауап берді

«Қазіргі таңда 9 облыс 89 тонна осындай тауар дайындап отыр. Облыс штабының шешімімен оны тиісті уақытта жеткіземіз. Сондай-ақ Nur Otan партиясының жанында балалардың құқын қорғау кеңесі ашылған. Бұл кеңесті Шымкент қаласында да аштық. Бірінші күннен бастап, осы кеңестің мүшесі болып саналатын 24 психолог балалармен жұмыс істеді. Қазір ересектерге де психологиялық көмек қажет. Сондықтан 19 психологты өңірге жібердік. Олар Шымкент қаласында», – деді Nur Otan партиясының хатшысы.

Сондай-ақ ол Ақтөбе, Павлодар, Ақмола облыстарына 700-ден астам бала жазғы лагерьге баратынын атап өтті.

«Кеше ғана алматылық «Ниет» қоры 2428 балаға қажетті киім-кешек жіберді. Біз оны Орбадабасы ауданы мен Шымкент қаласындағы мектептерге жібердік», – деді Тамара Дүйсенова.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімде өрт шығып, қоймада сақталған оқ-дәрілер жарылды. Салдарынан үш адам көз жұмып, 160-тан астамы дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Тағы оқыңыз: Арыстағы жарылысқа қатысты жалған ақпарат таратқандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары түгелдей жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.

Оқиғаға қатысты «Қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарылысқа кінәлілердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын айтты.



sputniknews.kz