Сирияда үкімет әскері Манбидж қаласына кірді

0

Сирияның солтүстігіндегі Манбидж қаласына соңғы алты жылда алғаш рет үкімет әскері енді. Дамаскіден Манбиджді қорғау үшін әскер жіберуді Түркия қарулы күштері шабуыл жасауы мүмкін деп қауіптенген күрд жасақтары сұраған.

Күрд жасақтары басқаратын Сирия демократиялық күштері АҚШ-тың қолдауымен 2016 жылы Манбиджді «Ислам мемлекеті» экстремистік тобынан азат етіп, қаланы бақылауына алған.

Анкара күрд еріктілерін Түркияда және тағы бірқатар елде тыйым салынған «Күрдістан жұмысшы партиясының» қарулы қанаты деп біледі және күрд жасақтарына соққы беретіні туралы бірнеше рет мәлімдеген.

Сирия демократиялық күштері үкімет әскері жағына шығу туралы шешімін АҚШ Сирия аумағынан барлық әскерін әкететіні туралы мәлімдегеннен кейін қабылдаған. Ондай мәлімдемені 19 желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп жасаған.

28 желтоқсанда Сирия басшылығы Манбидж қаласына мемлекет туын тіккені және «Дамаскінің бақылауына өткен территориядағы сириялық азаматтар мен өзге де адамдардың барлығының» қауіпсіздігіне кепілдік берілетіні туралы мәлімдеген.

Ресей Дамаскінің бұл шешімін құптаған. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Сирия әскері жағдайды тұрақтандыруға көмектеседі» деп мәлімдеген.

Сирияда жеті жылға созылған қарулы жанжал барысында Ресей Сирия президенті Башар Асадты жақтайды. Ал Түркия Асад күштеріне қарсы күресіп жатқан қарулы көтерілісшілерді қолдайды.

Дереккөз: Азаттық