Аспанның шегінен мұхиттың түбіне – Informburo.kz

0

Он жылғы толғақ

2018 жылғы желтоқсан айында Астанада «Объективте – Халықаралық ғарыш стансасы» атты фотокөрме өтті. Көрме ХҒС ұшырылғанының 20 жылдығына арналыпты. Ғарыштан Жерді айналып жүрген станса суреттерін қарап тұрып, оның алдында орбитада тұрып, ақыры суға батырылған «Мир» туралы ойладық. Жанымызға мынадан гөрі сол жақын екен.

Оның алдында 2017 жылдың көктем мен жаз айларында Москваның «Яуза» баспасына бірнеше рет іссапармен бардық. Әскери-тарихи бағыттағы бұл баспа «Зымырандар сериясы» атты топтамасымен «Орбитальный комплекс «Мир» атты кітап шығарды. Кітапта «Мир» бортында жұмыс істеген қазақтың екі ғарышкері туралы да жазылған.

Ғарышта ұзақ уақыт жұмыс істейтін кешенді жасау идеясы 1976 жылдың басына «Энергия» ғылыми-өндірістік бірлестігінде пайда болды. Бірақ, КСРО-да зымыран мен ғарыш кемелері саласына жауапты Жалпы машина жасау министрлігі бұл техникалық ұсынысты қолдамады. Үш жылдан кейін үкіметтің құпия қаулысы ғана жаңа ғарыш стансасына жасауға жол ашты.

Онда ғарыш кешеніне «17 КС» деген шартты атау берілді. «КС» түсінікті – қазақшалағанда «ғарыш стансасы».

Сосын мәселеге партия араласты. Ғарышта құралатын модульдердің алғашқы базалық бөлігін 1986 жылғы ақпан айында ұшыруды талап етті. Осы уақытқа коммунистер ұйымының кезекті съезі белгіленген. Партия құжатында ол «Мир» деген атқа ие болыпты. Әрі «ғарыш стансасы» емес, «ғарыш кешені» деп анықталған.


"Мир" ғарыш кешені құрметіне шығаралған пошта маркасы

«Мир» ғарыш кешенінің құрметіне шығарылған пошта маркасы / Фото интернеттегі ашық көздерден алынды


Партия айтты, халық орындады. 1986 жылы 16 ақпанда «Мир» кешенінің базалық бөлігі бекітілген зымыран ұшуына бірнеше секунд қалғанда жобаның бас конструкторы Юрий Семенов сапарды тоқтатты. Телеметрия өлшемдерін көрсететін аппараттан ақау байқалған. Төрт күннен соң, базалық бөлік ғарыш төріне сәтті аттандырылған.

Біз кейін Байқоңырда Юрий Павлович Семеновті екі рет көрдік. Тілші ретінде сұрақ та қойдық. Сұрағымыз «Мирға» емес, Тоқтар Әубәкіровтің сапары мен «Боранға» қатысты болған. Қисыны келсе, оны да еске алармыз.

Сонымен, жоба мен оның жүзеге асуы арасында тура он жыл өтіпті. Бюрократия болмаса одан тез орындалар ма еді? Партия съезге рапорт талап етпесе, бұдан кеш қалар ма еді? Кім білген.

Өрт және өзге апаттар

Базалық бөлік Жерден 296 мен 421 шақырым аралығындағы тұрақты орбитаға шығып, оны айнала бастады. Сағатына 27 мың 700 шақырымдық жылдамдықпен.

Сол 1986 жылдың 15 наурызында екі ғарышкер: Кизим мен Соловьев мінген «Союз» ғарыш кемесі «Мирдің» базалық бөлігімен түйісті. Келесі жылы басты бөлікке «Квант-1» модулі қосылды. Осыдан бастап оның әр жағынан бөлік жалғанып жатты. Ауылдың сөзімен айтқанда: алдымен орталық бөлме салынып, оған екінші, үшінші, төртінші бөлмелер жапсарласып қосыла берді.

«Мир» атына заты сай бейбітшілікке бірқыдыру қызмет етті. АҚШ-пен алауыз болып өткен Кеңес Одағы тарих сахнасынан түскен соң 1992 жылы кешен толық Ресейге қарады. Екі жақ ғарышты бейбіт игеруде ымыраға келіп, орыс ғарышкерлері «Шатлл» кемесінде, американдықтар «Мирда» кезектесіп жұмыс істей бастады.

1994 жылы 14 қаңтарда «Мир» алғаш апатқа ұшырады. Тура әр қалада болып жататын жол-көлік апаты сияқты. Ресейлік екі ғарышкер кешенге түйіскен «Союз ТМ 17» ғарыш кемесін ағытып Жерге оралмақ. Кешеннен ажыраған соң, оның «Кристалл» бөлігін суретке түсіру тапсырылған. Өйткені, оған алдағы уақытта американдық «Шатлл» түйісуі тиіс.

Ғарыш кешенін айналып, «Кристалға» жақындаған кезде «Союзды» оңды-солды бұратын тетік істемей қалды. Командирдің тежегішті басқанына қарамай, кеме кешенмен соқтығысты. Әйтеуір «Мирдің» сыртқы сауыты аман. Тесілмеген. Бір бекіткіш құлақ қана ұшып кетіпті. Оны кешікпей орнына келтіреді.

1997 жылы ақпанда реттік саны 23 -сапармен келген ресей-француз экипажы жұмыс істеп жатқанда, «Квант» модулінен өрт шықты. Кешен ішінде тыныс алатын ауа құрамының сақталуы үшін генераторға оттегі табағын жағып, мезгілімен тасталатын. Бұл – борт инженерінің үйреншікті жұмысы.

Борт инженері А. Лазуткиннің естелігіне қарағанда, табақша жағып тасталған генератордың қара қабы қызара бастаған. Олай болмауы керек. Кешікпей шатұр-шытыр дыбыс шығады. Шағын жанартау атқылайды.

Шошып кеткен борт инженері желдеткішті ажыратты. Сосын өрт сөндіргішті қолға алып, жалынға шаша бастады. Ішке түтін жайылып, автоматты дабыл қағылған. Экипаж тегіс газ тұмшасын киеді. Командирден бастап, басқа мүшелері жүріп емес, жүзіп жетеді. Кешен ішіндегі салмақсыздық жағдайын ұмытпау керек. Бірнеше өртсөндіргішті жан-жақтан қосып жалынды сөндіреді.

Тағы бірде жылу реттегіш істен шыққанда ғарышкерлер тура Қарақұмның ортасына түскендей болады. Базалық бөліктің іші 40 градустан асып кетеді.

Сол жылдың 24 маусымында «Мир» мен оған түйісуі керек «Прогресс М-34» соқтығысып қалған. Телеметрия тіркеуі бойынша екі ғарыш денесі сегіз рет «мүйіздескен».

Кеме кешеннің «Спектр» аталатын бөлігіне киліккен. Оның радиаторы істен шықты. Салбырап тұратын күн батареялары зақымданды. Ең сұмдығы сыртқы сауыты тесіліп қалды. Іштегі ауа ғарышға кетіп, қысым күрт төмендеді. Кешен бойынша автоматты дабыл қағылды.


апап

«Мир» кешені ғарыш төрінде күн батареяларынан қуат алатын / Фото интернеттегі ашық көздерден алынды


Бұл кезде бортта ресей-американ экипажы жұмыс істеген. Инженер А. Лазуткин мен американдық астронавт Майкл Фоул бірлесіп «Спектр» мен базалық бөлік арасындағы қақпақты зорға жабады. Алдымен арадағы қаншама кабелді ажырату керек. Сосын қақпақты бекітетін кілтті әкелу керек. Не керек үлгеріпті.

Ал «Спектр» ажыратылған соң кешендегі электр қуаты азайып кетті. Себебі, «Спектрде» төрт бірдей күн батареясы бар еді. Енді бәрін үнемдеуге тура келді. Қуат жұтып жатқан құралдардың ең қажеттілерінен басқасы түгел ажыратылған. Тура үйде балалар мен немерелердің соңынан артық токты суырып, шамдарды сөндіріп шығатынымыз сияқты.

Тоқтар мен Талғат аттаған табалдырық

Тоқтар Әубәкіровті Байқоңырдан ғарышқа аттандырып салған топтың ішінде болдық. Әсерін кезінде «Егемен Қазақстан» газетіне жаздық. Бұл жолы біздің тұңғыш, Кеңес Одағының соңғы ғарышкері бір апта «Мир» ғарыш кешенінде не істеді дегенге жауап берелік.

Тоқтар Оңғарбайұлы «ғарышкер-сынаушы» ретінде ұшырылды. Сонда нені сынады? Жалпы ғарышта қандай зерттеулер жасалады?

Кешендегі зерттеулер «физика-химия үдерістері мен материалдар», «Жер мен ғарышты зерттеу», «ғарыштағы адам ағзасы», «ғарыштағы биология мен биотехнология», «ғарыш кеңістігін игеру технологиясы» және «ғарышты насихаттау» деген топтарға бөледі. Тоқтар ағамыз сапарға аттанардан бұрын Қазақстан ғалымдары арнайы зерттеулер бағдарламасын жасады. Болашақ ғарышкер негізгі даярлықтан басқа осы зерттеулерді қалай жүргізу үшін ғалымдармен кеңесті.

Бізбен сұхбатында Тоқтар Оңғарбайұлы өзіне ғылыми жұмыс жүктеген Өмірзақ Сұлтанғазин, Нағима Айтхожина, Владимир Дробжев сынды ғалымдардың атын еске салған.

– Маған дейін ғарыш бағдарламалары әскери-стратегиялық сипатта жүргізілді. Мен ғалымдар жасаған бағдарламамен «Мирдің» бортында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және медицина салалары бойынша зерттеу жүргіздім, – деп еске алады ғарышкер-ұшқыш Кеңес Одағының Батыры, техника ғылымдарының докторы Тоқтар Әубәкіров. – Бірақ, біздің инновациялық жұмысымыз онда кең насихаттала қоймады. Өйткені, республикамыз әлі Одақтың құрамында еді.

Энциклопедиялық еңбек деп бағалауға тұрарлық «Орбитальный комплекс «Мир» атты кітапта Тоқтар Әубәкіровтің «Оптизон» қондырғысы арқылы балқыма алғаны, Қазақстан аумағын суретке түсіргені және тартылған Арал теңізі табанынан көтерілген шаң-тозаңды бақылағаны жазылған.


вав

«Орбитальный комплекс «Мир» кітабындағы Тоқтар Әубәкіров сапарына арналған беттер / Автордың фотосы


Қазақтың келесі ғарышкері Талғат Мұсабаев «Мир» бортында отырғанда жүк апарған «Прогресс» кемесімен түйісу екі рет сәтсіз болды. Тағы да ғарыш апаты орын алды. Кеме кешенді түйгіштеп өтті. Үшінші жолы автоматты емес, қолмен басқарып, бұлар жүк кемесін тіркеп алды.

Енді сыртқа шығып, соғылған антенналарды түзеу, бүлінген мәлімет бергіштерді жаңалау, «жылу ұстағышты» жамау, «Софора» аталған шатырды қондыру жұмыстарын атқару керек. Мұсабаев екі рет ашық ғарышта осы тірлікті тындырды. Оның шеберлігі Жердегі Ұшу сапарын басқару орталығындағыларды риза еткен.

Бірінші сапардан қайтар кезде Мельниченко мен Мұсабаевтың экипажына бұрын болмаған тапсырма жүктелсін. Енді кешен ішінде әйел адамның жеке гигиенасына арналған орнын жабдықтау! Себебі: бұлардан кейін ғарышта Елена Кондакова жұмыс істеуі керек екен.

Екінші рет Мұсабаев командир болып ұшты. Ол басқарған «Союз ТМ-27» кемесі ғарыш кешеніне «Квант» модулі жағына түйісуі тиіс еді. Осы кезде байланыс орнатушы «Альтаир» таратушы спутнигі бағдарынан айрылып қалды. Мұсабаев ғарыш кемесі мен кешенді сәтті түйістіріп, жердегілер қол соқты.


ввава

Талғат Мұсабаев экипажының эмблемалары / Фото интернеттегі ашық көздерден алынды


Осы сапарда жердегілер тағы Талғатқа қол соғады. Ол ғарыштан Қазақстанның жаңа Астанасына телекөпір байланысына шыққанда. Мұның алдында біз – «Хабар» агенттігінің қызметкерлері ғарыштағы Мұсабаевты «Роскосмос» рұқсатымен «Хабар» арнасына тікелей эфирге қосқанбыз. Студиядағы Нұрлан Өнербаев алты қат аспанның ар жағындағы Талғат Мұсабаевпен Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқаған.

Талғат «Мир» кешеніне түйіскен американдық астронавтарды қабылдады. «Дискавери» капитаны Чальз Прекуртқа кілт сыйлайды. Гайка бұрайтын анау-мынау емес, бір жарым метрлік кілт. Мұсабаевтың бұл сапарының соңында Жерден суыт хабар жетті. Ресей үкіметі «Мир» кешенін пайдалануды тоқтату туралы шешім қабылдаған.

Ғасырдың басы – дәуірдің соңы

1999 жылы маусымнан бастап Бас конструкторлар кеңесі «Мир» ғарыш кешенін ғарышкерсіз ұшу режиміне көшірді. Соңғы экипаж оны 2000 жылы 16 маусымда тастап шықты.

Әу-баста «Мир» ғарышта бес жыл пайдаланылады деген есеппен жасалды. 1990 жылы комиссия жан-жақты тексерулер нәтижесінде оны 1995 жылдың ақпанына дейін ұзартты. Енді Ресей, АҚШ, Еуропа елдері мен басқа да мүдделі мемлекеттердің бірлескен Халықаралық ғарыш стансасы жасалып, 1998 жылы ұшырылды.

«Мирді» сақтап тұруға Ресейдің қаржысы жетпеді. Өйткені, кешендегінің бәрі ескіріп жатты. 1997 жылы оған 312 миллион рубль шығындалса, 2000 жылы шығын 700 миллион рубльге жетті. Бұл ақшаның біразы жемқорлардың қолында кеткен шығар…

Техникалық және экономикалық қиындықтардың үстіне табиғи қолайсыз жағдай туды. Күннің 11 жылдық белсенділігі шарықтау шегіне жетіп, атмосферасының жоғары қабаттарының қысымы артты. Ол «Мир» орбитасының біртіндеп төмендеуіне соқтырды. Бұрынғы орбитасына сүйреп шығару үшін кемінде 4 жүк кемесін ұшыру керек. Оған дайын тұрған «Прогрестер» жоқ.

Кешен тәулігіне 500 метрге жақындай бастады. Біртіндеп құлайтыны анық еді. Қайда құлайды? Қаншалықты зардап әкеледі? Осы сұрақтар бәрінің мазасын қашырды. Өзі құлауын күтпей, «Мир» ғарыш кешенін мұхитқа батыру ұйғарылды.

2001 жылдың 22 наурызы. Шығыс халықтарында жаңа ғасырдың басы. Бұл «Мир» дәуірінің аяқталған күні де болды. Москва уақытымен 08 сағат 50 минутта кешен Жерге 80 шақырым жақын келді. Реті келгенде айта кетелік, «Мир» бортында ғарышкерлер осы Мәскеу уақытымен жүрып-тұрды. Жұмыс істеу, тамақ ішу, дем алу, ұйықтау, тренажерде жаттығу кестесі осылай жасалған.

80 шақырымға дейін басқарылып келген кешен атмосфера қабатына енген соң модульдер бүлініп, бөліне бастады. Бұл тікелей эфирден көрсетілді. Өз басымыз төрт ірі, үш орташа және төрт кіші бөлшектің жанып келе жатқанын санағанбыз. Тура бір шоғыр жұлдыз ағып келе жатқандай әсер берген. Алып кешеннің жанғаннан басқасы Тынық мұхитқа құлады. Фиджи аралдарынан аса бере.

09–00-де Ұшу сапарын басқару орталығының ауысым жетекшісі Андрей Борисенко қаңғырлақ арқылы «Аңызға айналған «Мир» орбиталық кешені келмеске кетті» деп хабарлады. Ұшу сапарын басқару орталығының алып экранына «Мирдің» 15 жылдық сапары аяқталды» деген жазу шықты.


ыыв

Москва халық шаруашылығы көрмесіндегі «Мир» ғарыш кешенінің макеті / Фото интернеттегі ашық көздерден алынды


Кейін «Мир» кешенінің бар модульдерден тұратын толық үлгісі Москвадағы Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қойылды. Үлгісінің салмағының өзі 30 тоннадан асады.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Мнение автора может не совпадать с позицией редакции.


Дереккөз: https://informburo.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз