Шымкенттің әкімі тұрғындарды ашық шыны терезелі кабинетте қабылдайды

0
104

Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәлімдеді.

Мұнан былай қала әкімі халықпен айына бір емес, төрт рет кездеседі. Жеке мәселелер бойынша қабылдауға жазылу үшін қала тұрғындары әкімдік кеңсесіне келмей-ақ, shymkent.gov.kz сайтына онлайн жазылу арқылы  тіркеле алады.

«Жергілікті билік пен халық арасындағы өзара қарым-қатынасты арттыру мақсатында мен азаматтарды жеке қабылдауды әр жұма күні сағат 16.00-ден 18.00-ге дейін өткізу туралы шешім шығардым. Сонымен қатар, азаматтарға ыңғайлылы болу үшін әкімдік ғимаратының бірінші қабатында заманауи кабинет жабдықтадық», – дейді  Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Сондай-ақ брифинг барысында қала мэрі мегаполистегі іске асып жатқан ауқымды жобалармен таныстырып өтті. Атап айтар болсақ, бүлдіршіндерді онлайн режимінде балабақшаға кезекке қою, бірінші сынып оқушыларын мектепке қабылдау, «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарнаны субсидиялау бойынша іске асқан жобалар басқа өңірлерге де тәжірибе ретінде ұсынылып жатқандығын жеткізді.

Естеріңізге салар болсақ, үшінші мегаполис басшысының тұрғындармен кездесетін кабинеті  ашық шыны терезелерден жасалған.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»