Шымкенттік  зиялы қауым  Тұңғыш Президент күніннің маңызына тоқталды

0
228

Осынау Ел тарихындағы аса бір маңызды күндердің түбіріне үңілген қауым Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамбмлеясы» ғимаратында 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай дөңгелек үстел басында бас қосты.

Жиында «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бахадыр Нарымбетов құжат аясында жүзеге асатын жұмыстарға көпшіліктің назарын аударды.

– Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясы атты дүниежүзінің бірде-бір елінде кездеспейтін бірегей институт құрудың және оны жүзеге асырудың негізгі бастамашысы болды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы да ең алғаш құрылған күнінен бастап Президентіміздің басты көмекшісіне айналды. Сондықтан, біз бүгін Елбасының жаңа бастамаларын іске асыруға, береке-бірлікті нығайтуға қатысты мәселелерді бірлесе қарап, өзара меморандумға қол қойдық. Бұл – біздің «Қазақстан-2050» стратегиясын, Елбасының соңғы Жолдаулары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларындағы бастамаларды тиімді жүзеге асыруда бірлескен жұмыстарымыздың басты құжаты болады, – деді Б.Нарымбетов.

Елбасы өткен жылы «Нұр Отан» партиясы Саяси бюросының отырысында партия мен ҚХА-ның бірлесіп жұмыс істеуі жөнінде арнайы тапсырма берген болатын. Осыған орай, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы мен қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы және отбасы, балалар және жастар саясаты басқармасының басшылары 2019 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітіп, өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды.

– 1 желтоқсан – қазақстандықтар үшін ерекше күн. Дәл осы күні Қазақстан халқы тарихи таңдау жасап, Тәуелсіз елдің Тұңғыш Президентін сайлады. Аз уақыттың ішінде Қазақстан таңдай қақтырарлық табыстарымен әлемге танылды. Елдегі экономикалық-әлеуметтік және саяси реформалар, халықаралық және өңірлік бастамалар, жаһандық жасампаз істеріміздің барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Жетістіктеріміздің барлығы Елбасы ұстанған бірлік пен тұрақтылық, ұлтаралық келісім саясатының арқасында жүзеге асқанына ерекше назар аударуымыз тиіс, – деді жиында сөз алған Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов.

2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Осыған орай, баяндама жасаған қалалық отбасы, балалар және жастар саясаты басқармасының басшысы Жандос Қалтаев жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау бағытындағы жұмыстарды жұмыла жүзеге асырудың маңыздылығын айтты.

Еркін пікір алаңына айналған жиынның соңында Елбасының өмір жолы туралы бейнефильм көрсетілді.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»