«Астана» топтық кезеңге шыға ала ма?

0
141

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 29 қараша күні футболдан еліміздің бес дүркін чемпионы «Астана» өз алаңында Украинаның «Динамо» (Киев) командасын қабылдайды. Егер осы ойында жерлестеріміз жеңіске жетсе, топтан бірінші орынмен шығуға керемет мүмкіндік туып тұр. Егер жеңіліске ұшырайтын болса, барлық мәселе сырт алаңда Францияның «Ренн» командасына қарсы өтетін соңғы турда анықталмақ. Ал қарсыласқа тең нәтиже де жеткілікті.

«Динамо» жайлы қысқаша ақпарат

Киевтің «Динамо» командасы кешегі одақ тұсында-ақ танымал болған. КСРО-ның ғана емес, Еуропаның да таңдаулы клубтарында қатарында жүрді. 90 жылдан астам тарихы бар команда КСРО чемпионатында 13 мәрте чемпион атанған. Ал Украина біріншілігінде 15 рет топ жарған. Кубок иелерінің кубогын екі рет ұтқан (1975,1986). Сондай-ақ УЕФА Суперкубогының иегері (1975).

Олег Блохин мен Игорь Беланов секілді футболшылары «Алтын допқа» қол жеткізген. Андрей Шевченко ФИФА-ның таңдаулы 100 футболшысының қатарына енді. Одан бөлек, Олег Протосов, Андрей Зазроев, Александр Заваров секілді атақты ойыншылары да жетерлік.

«Астана» – «Динамо»: Деректер және тарих

Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі төрт турдан кейін «Астана» мен Киевтің «Динамосында» 8 ұпайдан бар. Енді, жеке кездесудің қорытындысына сәйкес, біреуі немесе екеуі де қатар плей-оффқа жолдама алуы мүмкін. K тобында өнер көрсететін екі команда да әзірге жеңілген жоқ. Егер «Ренн» Чехияда «Яблонецті» ұта алмаса, екеуі де плей-оффқа жолдама алуы мүмкін.

• «Астана» үшін алғаш рет топтық кезеңдегі үш ойынды да жеңуге керемет сәт туындап тұр. Бұған дейін Қазақстан командасы өз алаңында «Ренн» (2:0) пен «Яблонец» (2:1) клубтарынан 3 ұпай еншілеген болатын. Егер «Динамодан» басым түсетін болса, алаң иелері 1/16 финалға жолдама алатын болады.

• «Динамо» Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы екі ойынды да 2:2 есебімен аяқтады. Одан соң, «Реннің» осал тұсын тапты. Францияда – 2:1, Киевте – 3:1 есебімен ұтты. Киев командасына топтан шығу үшін тең нәтиже де жеткілікті. Егер, жеңіп жатса, K тобының көшін бастайды.

• Бұған дейін «Динамо» – «Астана» өзара бір рет ғана жолыққан. Осы топтық кезеңнің алғашқы турында 2:2 есебімен тең түсті. Киевте Қазақстан командасына төреші қосқан қосымша минутта Роман Мұртазаев гол соғып, командасына маңызды бір ұпай сыйлады.

• «Динамо» Еуропа лигасының 2013/14 жылғы маусымында «Ақтөбемен» кездескені бар. Топтық кезеңге жолдама беретін плей-офф бәсекесінде «Ақтөбені» екі ойынның қорытындысы бойынша 8:3 есебімен ұтқан.

• «Астана» биыл Еурокубокта өз алаңында 6 ойынның бесеуінде жеңіске жетті. Тек бір ойында қарсыласына есе жіберді. Жалпы, Еурокубок ойындарының топтық кезеңіндегі өз алаңындағы ойындардың қорытынды нәтижесі мынандай: 4 жеңіс, 6 тең ойын, 1 жеңіліс. «Астана-Аренадан» былтыр Еуропа лигасында тек «Вильярреал» ғана 3 ұпай еншілеп кеткен болатын.

• «Динамо» Еуропа лигасына осымен жетінші маусым қатысып жатыр. Оның алтауында топтық кезеңде ойнаған. Соңғы 5 маусымда төрт рет плей-оффқа жеткен. Тек 2011/12 жылғы маусым сәтсіз аяқталды. Ең үздік көрсеткіші – 2015 жылы тіркелген. Киев командасы ширек финалға дейін жетті. Ал УЕФА Кубогын еске алатын болсақ, 2008/09 жылғы маусымда жартылай финалда ойнаған болатын.

• «Реннмен» Франциядағы ойыннан кейін сырт алаңдағы жеңіліссіз сериясын алтауға дейін жеткізді (4 тең, 2 жеңіс). Киев клубының Еуропа лигасы аясындағы сырт алаңдағы көрсеткіші мынандай: 8 жеңіс, 4 тең, 5 жеңіліс. Соңғы 7 ойында тек бір рет ғана қарсыласқа есе жіберген.

Екі команданы не байланыстырады?

• Жақында «Астана» Қазақстанның бес дүркін чемпионы атанды. Сөйтіп, титул жағынан «Ертіс» пен «Ақтөбені» қуып жетті. Бірақ, алғашқы екі клуб 5 чемпиондықты араға жылдар салып ұтса, елорда командасы қатарынан 5 мәрте жеңіп алды.

• «Астана» сапында украиналық ойыншылардан қорғаушы Сергей Малый бар. Өз отанында «Коммунальник» «Заря», «Рось», «Арсенал» командаларында ойнаған. Бірақ Малый қазір Қазақстан азаматы. Ал Беларусь Иван Маевский «Динамоның» бапкері Александр Хацкевич құраманы жаттықтырған тұста, 11 ойынға қатысқан.

• «Динамоның» орталық қорғаушысы Томаш Кадар мен «Астананың» жартылай қорғаушысы Ласло Кляйнхайслер Венгрия құрамасында бірге өнер көрсетеді. Киевтің қорғаушысы Йосип Пиварич пен «Астана» шабуылшысы Марин Томасов 2013 жылы Хорватия құрамасында бірге ойнаған.

• «Динамоның» бас бапкерінің көмекшісі Максим Шацких 2009 жылы «Астана» сапында ойнаған.

«Астананың» еурокубоктағы табысы

«Астана» биылғы маусымда еурокубоктағы жорығын Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен бастады. Алдымен, Черногорияның «Сутьеска» клубын (1:0, 2:0) ұтты. Одан кейін Данияның «Мидтьюлланд» (2:1, 0:0) жеңіп, үшінші кезеңде Загребтің «Динамосына» (0:2, 0:1) жол берді.

Чемпиондар лигасының бірінші раунды үшін 280 мың еуро алса, екінші кезең үшін – 380 мың, ал үшіншісіне – 480 мың клуб бюджетіне түсті. Топтық кезеңге жете алмаса да, тағы 260 мың еуро берілді. Чемпиондар лигасындағы жалпы табыс 1,4 миллион еуроны құрайды.

Чемпиондар лигасының ұшып кеткеннен кейін команда Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтуге талпынды. Плей-оффта Кипрдің АПОЭЛ клубын қапы қалдырды. Бұл жеңіс «Астанаға» 2.62 миллион еуро табыс әкелді.

«Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңін Киевтің «Динамосымен» тең ойнап бастады (2:2), одан кейін Францияның «Ренн» клубын жеңді (2:0). Үшінші турда сырт алаңда «Яблонецтен» 1 ұпай алса, «Астана Аренада» 2:1 есебімен ұтты. Топтық кезеңде әрбір жеңіске 570 мың еуро, тең ойынға – 190 мың еуро қарастырылған.

Қазіргі кезде «Астананың» еурокубоктағы табысы 5 миллион 540 мың еуроны құрап отыр. Бұл түпкілікті сома емес. Турнирдің әрбір қатысушысы рейтинг бойынша тағы қосымша ақша алады (соңғы 10 жылдағы нәтижелері есепке алынады). Одан бөлек, маркетингтік табыс бар (ТВ-құқығын сату).

«Астананың» жеңісі – рейтингте көтерілуге мүмкіндік берді

Григорий Бабаян шәкірттері 8 қарашада өз алаңында Чехияның «Яблонец» клубын жеңген соң, УЕФА-ның клубтық рейтингінде жоғарылауға мүмкіндік алды. «Астана» 27,500 ұпаймен рейтингте 50-орынға көтерілді. Елорда клубы бұл көрсеткішпен Чехияның «Викторию Плзень» (27,000) клубынан алда тұрса, Түркияның «Фенербахче» (28,500) командасынан бір саты төмен орналасқан.

«Бұл кездейсоқтық емес және таңғаларлық дүние емес. Мен команданың соңғы 5-6 жылдағы жасап келе жатқан жұмысының куәгерімін. «Астана» өзінің ойынымен, жеңіске деген жігерімен, жасаған жұмысымен бұл орынға толықтай лайықты. Бұл ілгері жылжу клубтың көрсетіп келе жатқан ойынында ғана емес, клуб басшылығының, скаутинг, баспасөз қызметі мен маркетинг жұмысының күрт өскендігінен де байқалады. Клуб сапында қызмет жасайтын еден жуушыдан бастап, клуб президентіне дейінгі барлық адамдар қазақстандық футболдың көшбасшылары ретінде жұмыс жасап келеді. «Астана» футбол клубы бүгінгі таңда Қазақстандағы ең үздік спорттық жобалардың бірі. Бұл біздің халқымыздың нағыз мақтанышы. Ал 29 қараша күні киевтік командаға қарсы өтетін кездесу біздің футболдың флагманы үшін үлкен бір сынақ болары анық. Бұл сөзсіз керемет ойын болады. Осы ойынға билет алған жанкүйерлер ойыннан керемет ләззат алатынына сенемін», – дейді «Астананың» экс-капитаны Қайрат Нұрдәулетов клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Сондай-ақ «Астананың» жеңісі Қазақстанның УЕФА-ның клубтар арасындағы рейтингінде бір саты жоғарылауға мүмкіндік берді. Қазіргі кезде 19,250(4,250 – осы маусымдағы ұпай) ұпаймен 24-орында тұрмыз.Мұның алдында 25-орында болғанбыз.

Кабананга мен Янга үшін соңғы мүмкіндік

«Астанаға» қайта оралған Джуниор Кабананга мен Кюрасао елінің шабуылшысы Ранело Янга соңғы екі ойында гол соқпаса командадан кетулері мүмкін. Өйткені, «Астана» секілді алдына жоғары мақсат қоятын клуб нәтижесі төмен футболшыларды ұзақ ұстап жүре алмайды.

Кабананга «Астанаға» қайтып оралғалы 15 ойын өткізген. Әлі бірде-бір рет мергендігімен көзге түскен жоқ. Әйтеуір, Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі екі нәтижелі пасын айтуға болатын шығар.

«Жуниор тырысып жүр, бұл туралы бұрын да айтқанмын. Мені оның алты рет офсайдта қалғаны алаңдатып отыр. Әрине, біз оның көбірек гол соққанын қалаймыз. Сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – деген болатын «Астана» бапкері Григорий Бабаян «Яблонецпен» өткен екінші ойыннан кейін.

Үш мәрте Қазақстанның үздік сұрмергені атанған, «Шахтер» футбол клубының спорт директоры Мұрат Тілешевтің айтуынша, Кабананга гол соқпаса, командаға көп пайдасын тигізіп жүрген көрінеді.

«Жуниор гол соқпаса да, команда үшін өте тиімді ойын үлгісін көрсетіп жүр. Біріншіден, шабуылшы қарсылас қорғанысындағы бір-екі ойыншыны өзімен алып жүруі арқылы, командалас әріптестері Педро Энрике мен Томасовқа ашық кеңістік береді. Екіншіден, ол Еуропа лигасы аясындағы өте маңызды ойындарда екі нәтижелі пас беріп үлгерді. Ол оның қаншалықты тиімді, пайдалы ойын көрсетіп келе жатқандығын байқатады. Ал голға келер болсақ, шабуылшыларда кейде ондай сәтсіздіктер болады. Менің ойымша, Кабананга өзіне деген сенімдігін қайта келтіруі үшін бір гол соғуы керек. Содан кейін, барлығы өз жолына түседі деген ойдамын. Конголық шабуылшы өз голдарын Еуропа Лигасы аясындағы «Динамо» мен «Реннге» қарсы ойындарға қалдырды деген үміттемін», – дейді Мұрат Тілешев.

Мамандардың пікірі

«Астана» мен «Динамо» ойнына пікір білдіріп жатқан мамандар көп. Кейбіреуі өз болжамын да жасап жатыр. «Астана» клубының баспасөз қызметіне өз пікірлерін айтқан футболға қатысы бар азаматтардың болжамын назарларыңызға ұсынамыз.

Андрей Шевченко, Украина құрамасының бас бапкері:

– Киевтегі ойын терезесі тең қарсыластың теке-тіресі болды десек қателеспейтін шығармыз. «Динамо» ойынға бақылау жүргізді, тіпті есепте алда тұрды. Бірақ «Астана» соңғы сәтте жинақы ойнай білді. Осы кездесуден кейін екі команда өкілдерінің лайықты қорытынды шығарғаны соңғы ойындарында көрінді.

Алдағы ойын топтың жеңімпазын анықтайтындықтан, екі командаға да оңайға соқпасы анық. Әрине, бұл кездесуде «Астана» командасы көбірек допқа иелік етуі мүмкін. Алайда, ойын басымдығы өз мүмкіндіктерін лайықты деңгейде пайдалана білген командада болады деп ойлаймын.

Қайрат Нұрдәулетов, «Астананың» экс-капитаны:

– Киевтің «Динамо» клубы – талантты футболшыларды құрамына жинақтаған, енді даму жолына түсіп келе жатқан жас команда. «Астана» мен «Динамо» арасындағы алғашқы кездесу тең дәрежеде өрбіді. Бірінші ойында Киев клубының кездесудің фавориті саналғандығына қарамастан, «Астана» өте лайықты дәрежедегі ойын үлгісін көрсетті. Осы ойыннан кейін БАҚ өкілдері «Динамо» командасының бас бапкері Александр Хацкевичті қатты сынға алған болатын. Дегенмен, бұл команда соңғы кездесулерде өз бабына келгендігі байқалады. Оған, Францияның «Реннмен» өткен соңғы ойыны дәлел. «Динамо» қазір өзінің нағыз бабында. 29 қараша күні «Астанаға» қиын болары сөзсіз.

«Динамо» бұл ойында үш ұпай алу үшін барын салатындығы сөзсіз. Еуропа лигасының топтық кезеңі болғандықтан, әлемнің ең беделді футбол мамандары ойынды арнайы қадағалайды. Оған қоса, Киев командасының жас ойыншылары өздерін жақсы қырынан көрсету үшін барын салатындығы анық. Топтағы алғашқы орынға қол жеткізу – үлкен бедел. «Динамо» (Киев) командасының алдында плей-офф кезеңіне жолдама алу ғана мақсаты тұрмағандығы анық. Киев командасы бұрынғы КСРО-ның ең табысты және даңқты, аңыз клубы. Екіншіден, топтық кезеңнің жеңімпазы турнирдің 1/16 финалында әлсіздеу қарсыласқа жолығады. Осы орайда, бұл фактордың да маңызы зор.

Ермұхамед Мәулен, спорт комментаторы:

– Астанадағы кездесуде «Динамо» (Киев) өздерінің елорда командасынан мықты екендіктерін дәлелдеу мақсатында, жеңіс үшін алаңға шығатындықтары анық. Одан бөлек, қарсылас командаға топтан жәй ғана шығып қоймай, бірінші орын алу өте маңызды. Себебі, ақпан айындағы плей-офф кезеңінде өз тобынан екінші орынмен шыққан, осалдау қарсыласмен жолыққысы келетіндігі анық. Өздеріңіз білетіндей, «Динамо» (Киев) осыған дейінгі жылдарда УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінен түспейтін мықты ұжымдардың бірі болатын. Қазіргі уақытта командада буын алмасу кезеңі өтіп жатыр. Алайда, Астанада Еуропаның кез-келген командасына оңай соқпайтынын айта кеткен жөн. Сондықтан, дәл осы жағдайда екі команданы тең нәтиже қанағаттандырады деп ойлаймын.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ