Шымкенттік спортшы әлемдегі ең үздік каратэші деп танылды
Халықаралық каратэ федерациясы (WKF) өткізген рейтингке сәйкес, былтыр шымкенттік спортшы Дархан Асаділов үздік каратэшілердің әлемдік рейтингінде көш бастады.
Ол 9 517 ұпаймен 60 келіге дейінгі салмақта үздіктер қатарынан көрінді. Асаділовтың басты қарсыластары Анджело Кречензо (Италия) мен Шамдан Ерай (Түркия) екінші және үшінші орындарды иеленді.
Бүгінге дейін 60 келі салмақта сынға түсіп жатқан жерлесіміз Олимпиада рейтингінде үздіктер қатарынан көрініп (600 спортшының арасында) ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына лицензияны мерзімінен бұрын жеңіп алды. Каратэ Токио Олимпиадасында алғаш рет ұсынылатынын айта кеткен жөн.
Дархан Асаділов өзінің спорттық жолында 11 Премьер-лигаға қатысып, оның сегізінде жеңіске жетті. Ол 1987 жылы туған. Бойы 165 см, жеке жаттықтырушы Ш.Қажымұқан. Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері.