Шымкенттік шенеуніктер бюджеттен 179 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

0

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің онлайн-брифингінде аса маңызды істер бойынша тергеуші Данияр Бекайдаров Шымкентте ауылшаруашылығы саласының шенеуніктеріне қатысты қылмыстық тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Расталмаған дереккөздерге сүйенсек, Шымкентте бюджеттен 179 млн теңге жымқырды деген күдікпен ауылшаруашылығы саласының шенеуніктеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған. БАҚ өкілдері тергеушіден істің мән-жайын сұрады. Тергеуші ақпаратты растады.

«Шымкент қаласының мемлекеттік аудитінен келіп түскен акті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Келтірілген шығын сомасын анықтау үшін тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Өкінішке орай, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201 бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді», — дейді Данияр Бекайдаров.

Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы қызметін атқарған Жеңіс Байымбетов 10 жылға, «Инвестстройпроект ЛТД» ЖШС басшысы Ақжол Айтбаевтың 8 жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлаған едік.