Шымкенттік белсенді жәрдемақының бұрынғы жүйесін қайтаруды талап етті

0

9 ақпанда Шымкенттегі орталық Арбатта белсенді, жазғызбасты көп балалы ана Ләззат Досманбетова үкіметтен әрбір балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы төлеуін талап етіп, пикетке шықты. Бұған қоса көп балалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларын тегін баспанамен қамтамасыз етуді сұрады.

Төрт баланың анасы Ләззат Досманбетова былтыр сәуір айынан бастап берілген 21 мың теңгелік жәрдемақыны алып келген. Алайда қаңтар айында белгісіз себеппен жәрдемақысы тоқтап қалған. Оның жыл басынан бері төлене бастаған жәрдемақының жаңа жүйесіне де толмайды. Ләззат Досманбетованың айтуынша, 42 мың теңгемен көп балалы отбасыны асырау қиын.

Белсенді үстіне киген ақ қағазға «Әлеуметтік және тұрғын үй бағдарламаларының тез орындалуын талап етемін!» деп жазып шықты.

— Қабылданған әлеуметтік бағдарламалар тез орындалуы керек. Мектепте берілетін білімнің сапасы нашар. Медицина сын көтермейді. Ақылы білім алу мен медицинаға әркімнің шамасы жетпейді. Мемлекетте болып жатқан заңсыздықтарға бей-жәй қарап отыра алмаймын. Пикет өткізіп, өз ойымды айту — менің Конституциялық құқығым. Қазақстанның жер асты байлығынан неге халыққа үлес берілмейді? Көп балалы аналар мен мүгедек баласы бар отбасылар неге баспанасыз жүр? Салынып жатқан баспаналар кімге беріліп жатыр? Неге мен наразы болмаймын? Балаларымның болашағынан қорқамын. Сенімсізбін, — дейді белсенді.

Жалғызбасты көп балалы ананың наразылығын полиция сырттай бақылады.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Шымкентте көп балалы әйелдер жаңа жылдан бастап күшіне енген атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлеудің жаңа жүйесіне наразылық білдірген еді. Олар өткен жылдың сәуір айынан бастап әрбір балаға төленген 21 мың теңгелік жәрдемақыны қайтаруды талап еткен. Жаңа жүйе бойынша, әрбір балаға 10 500 теңгеден төленеді. Кейбір әйелдер тек көп балалы отбасы ғана емес, баласы аз отбасыларды ғана үкімет әлеуметтік тұрғыда қолдасын деген.

Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «бала саны аз отбасыларына жәрдемақы төлеу» бюджетке салмақ түсіреді деп айтқан. Оның айтуынша, үкімет қазір жетіден көп баласы бар отбасылардың жәрдемақысын көбейту мәселесін қарастырып жатыр.

Оқи отырыңыз: Министр аналардың жәрдемақыға байланысты талаптарына жауап берді

Azattyq