Шымкенттегі мемлекеттен қаржыландырылатын тегін үйірмелерінің қызметінен заң бұзушылықтар анықталды
ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» туралы Заңының 18 бабына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың субъектілеріне қоғамдық бірлестіктер де жатады, және осы Заңның 7 бабына сәйкес қоғамдық бірлестіктер де сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті жүзеге асыра алады.
Әділдік жолы” РҚБ Шымкент қаласындағы филиалы мен “ASAA” Жастар қоғамдық бірлестігі осы заң нормаларын басшылыққа ала отырып, Шымкент қаласы аумағындағы мемлекеттен қаржыландырылатын тегін үйірмелер қызметіне қоғамдық мониторинг жүргізді.
Шымкент қаласында мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруы 2021 жылдың шілде айынан қолға алынған. Уәкілетті орган тарапынан берілген ақпарат бойынша қазіргі таңда қала бойынша порталға 35837 бала (ваучер) тіркелген, осы балаларға 159 жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қызмет көрсетуші болып табылады, қала бойынша жалпы саны 584 үйірме бар. Мемлекеттен қаржыландырылатын бұл тегін үйірмелер 4-17 жас аралығындағы балаларға арналған.
Мониторинг барысында 2022 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айлары бойынша тіркелген балалардың ішінен тізім бойынша кез-келген ата-анаға хабарласып, әлеуметтік сауалнама жүргізу көзделді.
Тізім бойынша кездейсоқ таңдалған 1704 адамның ішінен жалпы алғанда хабарласу барысында 547 заң бұзушылық анықталды, бұл жалпы санының 32% білдіреді. Оның ішінде 113 ата-ана балаларының ешқандай үйірмеге тіркемегендерін, балалары ешқандай үйірмеге бармайтынын хабарлады. Осы жағдайда ол кәсіпкерлер бала мен ата-ананың дербес деректерін қайдан алуы мүмкін деген заңды сұрақ туындайды.
Сонымен қатар: ата-ананың телефон нөмірі ретінде мүлдем бөтен адамдардың нөмірлерінің көрсетілуі, ата-ананың телефон нөмірі ретінде актуалды емес, тіркелмеген нөмірлердің көрсетілуі, қате көрсетілген нөмірлер мен электронды пошталар, ата-ананың нөмірі ретінде қызмет көрсетушінің нөмірінің көрсетілуі, көптеген баланың ата-анасының нөмірі ретінде бір адамның телефон нөмірі көрсетілуі, баланың үйірмеге қатысу табеліне қол қою қажеттілігі туралы ақпараттан ата-ананың мүлдем бейхабарлығы, ата-ананың онлайн жіберген өтінімін қызмет көрсетушінің құжаттарды тексерместен бірнеше секунд ішінде растауы, қызмет көрсетушінің бір үйірмесіне жазылған баланы екінші үйірмеге рұқсатсыз тіркеп жіберуі секілді өзге де өрескел заң бұзушылықтар анықталды.
Қазіргі таңда Шымкент қаласына бөлінген 3.5 млрд-қа жуық қаражат толықтай игеріліп қойғандықтан, аталған жоба уақытша тоқтатылғаны белгілі. Үйірмеге өтінім бермеген балаларды “сырттай” тіркеп, мемлекеттен үйірмеге қатыспайтын балалар үшін ақша алуды жүзеге асыруының салдарынан мемлекет бюджетінің осыншама қаржысының басым бөлігі далаға кетті деп айтуға болады.
Мониторинг нәтижесінде Artsport порталын жасаушыларға өтінім беріліп, баланың тегін үйірмеге тіркеліп немесе тіркелмегенін анықтауға арналған арнайы сілтеме жасалды. Енді әрбір ата-ана https://artsport.kz/ru/checkticket сілтемесі арқылы баласының тегін үйірмеге тіркелген немесе тіркелмегендігіне көз жеткізе алады.
Ал, мониторинг нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар мониторингтік топ тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган мен құқыққорғау органдарына толықтай тергеп-тексерілуге жолданатын болады.
Сонымен қатар қоғамдық бірлестіктер тиісті уәкілетті органдарға Artsport порталының мүмкіндіктері мен осы саладағы заң нормаларын жетілдіруге арналған ұсыныстар әзірлеп, өткізбек.
А.Кесебаева
“Әділдік жолы” РҚБ
Шымкент қаласындағы филиалының басшысы