Шымкентте жедел жәрдем қызметі толықтай цифрлық жүйеге көшті

0

2018 жылғы 25 желтоқсан 04:46 207

 Шымкентте жедел жәрдем қызметі  толықтай  цифрлық жүйеге көшті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат — Шымкенттегі жедел жәрдем қызметкерлері елімізде алғашқылардың бірі болып толықтай цифрлық жүйеге көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық денсаулық сақтау  басқармасының мәліметінше, жедел жәрдем қызметін көрсететін мамандардың барлығы смартфонмен қамтылған. Енді шұғыл жәрдем қызметкерлері қағаз толтырмайтын болады. Бригаданы шақырту картасын, учаскелік дәрігердің дабыл қағазын және жедел медициналық жәрдем станциясының ілеспе парағын смартфонға енгізіледі. Осының арқасында қызметкерлер орталық стансаға келмей-ақ, қолындағы смартфон арқылы тікелей шақыртуға бара алады. Бұл мамандардың уақытын үнемдеп, қағазбастылықтан арылуға көмөктеседі, дейді салаға жауаптылар.

«Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмалардың бірі 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап медицина саласы қағазсыз құжат айналымына көшуі болатын. Сондай-ақ,  «Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет»  деп денсаулық сақтау саласының мамандарына міндет жүктеген еді. Осы тапсырманы басты назарға ала отырып, Шымкент қаласының жедел жәрдем стансасы алғашқылардың бірі болып қағазсыз жұмыс жасауға көшті», — Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымов.

Айта кетейік, 1 миллионнан астам  халқы бар қалада 81 жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді. Күніне қала бойынша орташа есеппен 15 -16 мың  шақырту түседі. Орталыққа келіп түскен қоңыраулардың 20 пайызы 4-санаттағы шақырту болғандықтан, мекен-жайы бойынша емханаларға тікелей жолданады. Сондай-ақ, жедел жәрдем стансасында call  орталық жұмыс істейді. Осының арқасында жедел жәрдем көлігінің қай маңда жүргенін, діттеген жеріне неше минутта жеткенін бақылауға болады.  

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz