Шымкентте сатушысы жоқ дүкен ашылды
Шымкентте алғаш рет «Адалдық дүкені» ашылды.
Фото: inform.kz
13:01 22.11.2018
Қалалық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бұл бастамасын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті қолдап, дүкенді оқу орнынан ашуға ықпал етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дүкеннің салтанатты түрде ашылу рәсіміне аталған департамент басшылығы мен университет ректораты қатысты. Бұл дүкеннің жұмысы өз-өзіне қызмет көрсету жүйесіне негізделген. Мұнда оқытушылар мен студенттер өздеріне қажетті заттарды алып, алынған тауардың ақшасын кассалық жәшікке қалдырады. Осылайша сатушысы жоқ дүкенде алушылар өзіне өзі қызмет көрсетеді. Департамент мамандарының сөзінше, мұндай дүкендерді енгізу жастардың жағымды моральдық қасиеттерін дамытып, соның ішінде ішкі парасаттылық пен адалдыққа тәрбиелеуге бағытталған. Яғни бұл факторлар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті» қалыптастыруға тікелей әсер етеді.
Ашылу салтанатына қатысқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшылығы бұл жоба агенттік бастамасымен жүзеге асып жатқанын жеткізіп, Шымкент қаласында бірінші болып қолдау білдірген университетке алғыс айтты.
«Жобаның басты мақсаты — қоғамда сенім атмосферасын біртіндеп құру және студент жастарға өзін жақсы, адал адам ретінде анықтауға мүмкіндік беру» — деп атап өтті департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Ерғали Жұмабаев.
Айта кету керек, алдағы уақытта «Адалдық дүкендерін» қаланың барлық жоғарғы оқу орындары мен колледжерінде ашу жоспарланып отыр.