Шымкентте күте-күте шаршаған адам бір үйдің төрт бірдей мүшесін өлтіріп кетті
2014 жылы ақпан айында Шымкент қаласындағы көпқабатты үйдің тұрғындары әйелдің шыңғырған дауысынан оянып кетті. Бірнеше минуттан кейін айқай-шу сап тыйылды. Біреулер полиция шақырса, енді біреулер қорықпай, кіреберіске шықты. Баспалдақта қанның ізі болды
Көршілер қанның ізімен жүріп, есігі ашық тұрған пәтерге тіреледі. Ал үйдің ішіне кіргенде мелшиіп қатып қалады, бөлмелерде қанға боялған үш адамның мәйіті жатты. Біреуі – ер адам, екеуі – әйел.
Жантүршігерлік қылмыс
Оқиға орнына шұғыл тергеу тобы келіп, үйде жатқан үш адамның кім екенін бірден анықтады. Олар – үйдің иесі Александр Смагин, оның азаматтық некеде тұрған әйелі Татьяна Моисеева және жеңгесі Людмила Смагина. Үшеуі де көптеген пышақ жарақатынан көз жұмған.
Көршілерден жауап алу кезінде ол үйде мерекелік отырыстардың жиі болғаны анықталды. Айқай-шу да естіліп тұратын. Оған көбісі мән бермейтін. Бірақ осы жолы бәрі басқаша болды. Бір емес, екі әйелдің шыңғырып, көмекке шақырғаны ешкімді бей-жай қалдырмады. Содан осы үйден бірнеше адам полицияға хабарласып, сол пәтерден шыққан жанжалдың мән-жайын біліп беруді сұрады.
Шұғыл тергеу тобының мамандары үйге кірген бойда бірнеше маңызды нәрсені байқады. Асүйде арақтың бос бөтелкелері шашылып жатты. Ал күлсалғышта темекі әлі қызарып тұрған. Демек қылмыскердің кеткеніне көп болмаған. Тергеушілер иттің көмегін пайдалануға шешім қабылдады.
Шыны керек, сол кезде қылмыс күнделікті сценариймен өрбіді деген болжам болған. Төрт адам кешке қарай бас қосты, арақ ішті. Сөзден сөз шығып, жанжал туындаған. Төбелестің арты қайғылы оқиғамен аяқталды. Тергеушілер осы болжамға берік сенген, бірақ артынан қатты қателескенін түсінді.
Тағы бір адамның мәйіті табылды
Талай қылмысты ашқан ит бірден қылмыскердің ізіне түсті. Сөйтіп, тергеу тобын көрші кіреберіске алып барды. Осы жердің тұрғындары да ұйықтамапты. Себебі №24 пәтерден айқай-шу естілген. Көршілер есікті қағады, бірақ ешкім ашпайды. Құқық қорғаушылар көп ойланбай, есікті бұзу қажет деп тапқан.
Тергеушілер үйге кіргенде есіктің іштен құлыптанып тұрғанын көреді. Кіреберісте ешкім көрінбейді. Ал залда олар сұмдық көрініске тап болады. Ер адам етпетімен қанға малынып жатқан. Есімі – Михаил. Ол көрші кіреберістен табылған Александрдың туған ағасы және Людмила Смагинаның күйеуі болып шықты.
Тергеушілер отбасының барлық мүшесін өш алу үшін өлтірді деген байламға келді. Алайда ол болжам да дәл болмай қалды.
Пәтерді тінту кезінде тағы бір ер адам табылды. Ол өз-өзіне қол салған. Бірақ полицейлер оны құтқарып үлгерді. Оқиға орнына бірден жедел жәрдем келіп, реанимациялық шараларды атқарып шықты. Соның арқасында ер адам аман қалды.
Екі рет түрмеде отырған
Ауруханаға жеткізілген Евгений Еремин есін тез жиды. Бірақ қатты мас болған. Содан жауап алуды келесі күнге қалдыруға тура келді. Ертесіне тергеушілер палатаға кірген бойда Еремин: «Төртеуін де мен өлтірдім!», — деп ағынан жарылды.
Ішкі істер органдары арқылы Евгений Ереминнің екі рет жазаға тартылғаны анықталды. Бұған дейін ол қарақшылық пен есірткі үшін сотталып, түрмеде отырып шыққан екен. Ал бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа тұра алмаған. Үйі де болмаған. Содан бір күндік нәпақамен жүруге мәжбүр болады.
Бас кезінде өмірден түңілген адам өзіне жалған кінә тағып жатыр деген ой да болады. Алайда Ереминнің күрткесінде қанның ізі бар төрт пышақ табылғаннан кейін тергеушілер қылмыскер анық сол екенін түсінді. Бір пышақтың жүзі сынып қалған, тағы бір пышақ майысып кеткен.
Бұдан бөлек, күрткенің қалтасынан бірнеше алтын әшекей мен үш ұялы телефон шықты. Алайда қылмыстың себебін әлі ешкім білмеді.
Алтынға деген құмарлық
Төрт жыл бұрын түрмеден шыққанда Евгений Еремин алдағы өмірін жоспарлап, ұзақ ойланған. Бай болуды армандапты. Сол кезде оның алтынға деген құмарлығы қайта оянады. Алайда ол бір рет емес, екі рет сотталған адамның байлыққа заңды түрде жете алмайтынын білді. Содан түрмеде бірге отырған бір жігіттің әңгімесі есіне түседі. Еремин сол жігіттің айтқанын істегенді жөн көреді.
Евгений жалғыз сөмкесін арқалап, Семей полигонына жол тартып кетеді. Сол жерде достарымен бірге қаңырап қалған әскери нысандарды аралап, ескі электротехниканы жинауға кіріседі. Оның құрамында алтын мен күміс көп болған. Олар Байқоңыр ғарыш айлағына жақын аудандарға дейін барады.
Осылайша бірнеше жылдың ішінде Еремин 470 грамм алтын жинап алады. Бірақ оның құрамында басқа металдар да көп болды. Енді осы тауарды сатып алатын адамды табу қажет.
Сатып алушыны іздеп жүргенде Евгений камерада бірге отырған Александр Смагинді кездестіріп қалады. Ол ағасы Михаилдың зергер екенін және дәл қазір шикізат іздеп жүргенін айтады. Бұны естіген Еремин қуанып кетеді.
Алтын келісім
Александр ағасы Михаилды Евгениймен таныстырып, мәселенің мән-жайын түсіндіреді. Зергер жарты келіге тартқан құйманы алуға келіседі. Бірақ ақшаны бірден бере алмаймын дейді. Себебі алтынды басқа қоспалардан тазарту керек. Одан әшекей жасалып, саудаға шығарылады. Ал табыс түскеннен кейін ақшаны да беруге болады. Михаил бірнеше аптадан кейін бес мың доллар төлеймін деп, құйманы алып қалады.
Евгений бірден келіспеді. Бірақ алтын сатудың басқа жолын таппағаннан кейін келісуге мәжбүр болады.
Тергеу кезінде Еремин ағалы-інілі Смагиндерге толығымен сенгенін жеткізді. Тіпті, бір ай, бір жыл өткеннен кейін өз ақшасын алатынына сенімді болған. Ал Смагиндер күнде «ақшаны ертең береміз, ертең береміз» деумен жүреді.
Евгений олардың уәдесіне сенді. Жұмыссыз және баспанасыз жүрсе де, ақшаны аламын деген үміті үзілмеді. Сөйтіп, тағы бір жыл өтті.
2014 жылы 23 ақпанда Александр Смагиннің үйіне қонаққа бара жатқанда Евгений Еремин кезекті отырыс олай аяқталады деп ойламаған…
(Жалғасы бар)
sputniknews.kz