Шымкентте ерлі-зайыпты 3 жасар қызының балабақшада зорланғанын айтты

0

Жантүршігерлік оқиға Шымкенттегі балабақшада болған.

Шымкентте ерлі-зайыпты 3 жасар қызының балабақшада зорланғанын айтып, полицияға арызданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

3 жасар бүлдіршіннің әкесі (этикалық себептерге байланысты аты-жөні жазылған жоқ) Sputnik Қазақстан тілшісіне жаға ұстатарлық оқиғаның 25 желтоқсанда Шымкенттегі Қаратау ауданында орналасқан балабақшада болғанын айтты.

Сол күні қызын балабақшадан үйіне әкелген анасы оның іш киімінен қан ізін байқаған. Баланың ата-анасы бірден полицияға шақырып, арызданған.

«Келіншегім қызымның іш киімінен қан ізін көргенде, шошып кетті. Қызым оқиғаның қалай болғанын айтып жатыр. Ал балабақша қызметкерлері мұндай сұмдық болған жоқ деп, мұны баланың өзі құрастырып отыр дейді. 3 жасар қыз ондай нәрсені қайдан білсін?», — дейді ашынған әке.

Оның айтуынша, жантүршігерлік оқиға кезінде тәрбиеші жұмыс орнында болмаған. Қыздың ата-анасы полицейлермен бірге балабақшаға барып, бейнебақылау камераларының жазбасын тексеріп шығыпты.

«Балабақшаға орнатылған камерада қызымның тек жылап отырғаны көрініп тұр. Балабақша дәлізіндегі видеоларды көре алмадық», — дейді ер адам.

Сол түні кішкентай қызды анасы дәрігерге алып барып, сот-медициналық сараптамадан өткізіпті. Сараптама қорытындысы бір ай ішінде дайын болады.

Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсел Сәденова аталған іс Қаратау аудандық полиция басқармасында тіркелгенін растады.

Қылмыстық кодекстің 124-бабы («Жас балаларды азғындық жолға түсіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

«Қылмыстық кодекстің 201, 147-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу деректері жария етілмейді», — деді Сәденова.

Айта кетсек, 3 жасар қыз ерлі-зайыптының ортаңғы баласы екен. Бұдан басқа тағы екі бала тәрбиелеп отыр.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/