Халық салыққа салынған ақылы жолмен жүруге міндетті ме?

0

Еліміздегі көлік қатынайтын жолдардың сапасы сын көтермейді. Бұл негізгі бағыттағы жолдарды есептемеген кезде аудан-аймақтардағы жолдардың жағдайы мәз емес.

2015-2016 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында 616 млрд теңге және Ұлттық қордан 329 млрд теңге сапалы жолдарды жүзеге асыру бойынша қарастырылған. 2017 жылы аталған бағдарлама аясында Ұлттық қордан, республика бюджетінен және халықаралық қаржы институттарының желілерінен 356 млрд теңге бөлінген.

Global Competitiveness Index рейтингісінде 2017 жылы Қазақстан 137 мемлекеттің ішінде 115-орында тұрған. 2016 жылы 107-орында едік. Аталған кестеде Намибия 31-орында, Руанда-32 орында, Гондурас-81 орында, Моңғолия-102 орында орналасқан.

Еліміздегі жолдардың жыл сайын жөндеуден өтсе де сапасы көңіл толтырмайтынының бір себебі – қаржының тең бөлінбеуінде. Бюджеттен ақша алдымен республикалық негізгі жолдарға бөлінеді де, содан кейін барып аудан-аймақтарға қалған қалдық жұмсалады. Бұл себеп қана. Ал басты мәселе тендер арқылы ұтысқа түскен ақшаның талан-таражы болуында. Тендер арқылы ұтып алған компаниялар құрылыс материалдары мен жұмыс күшін барынша қысқартып, мол ақша алып қалудың қамын жасайды. Бір сөзбен айтқан кезде, саны бар, сапасы жоқ жолда жүруге мәжбүрміз.

жол

Еліміздегі ақылы жол мәселесі

Ақылы автомобиль жолын жасау – автомагистраль, көпір және туннельдердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарын қаржыландырып, пайдаланудың сапасын жоғарылатуды қамтамасыз етудің тиімді  тәсілі.

2020 жылға қарай елімізде 6500 шақырым жол ақылы түрде жұмыс жасайды деп отыр. Аталған жүйе арқылы 30 млрд теңге мемлекет қазынасына түсіп, ол жолдың сапасын арттыруға, кеткен шығындарды жабуға бағытталады. Тіпті министр Жеңіс Қасымбек 2023 жылы бұл көрсеткіш 45 млрд теңгеге дейін көтеріледі дейді.

«ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметінше, 2022 жылы республикамыздағы жолдардың 72 % ақылы түрде жұмыс жасайды.

Ақылы жолдың халық үшін пайдасы қандай?

Ақылы жол елдегі жол сапасын арттыра отырып, халықтың қауіпсіздігіне және жүргізушілердің көп шығындалмауына кепілдік бере алады. Яғни, ақылы түрде жүрген жолға сіз ақша төлей отырып, сапалы жолда жүруге мүмкіндік аласыз.

Әлемдік тәжірибедегі ақылы жол мәселесі

Біз үшін Еуропа мен АҚШ және басқа да дамыған елдердің тәжірибесін қарастыру маңызды болса, онда аталған елдерде ақылы жолдардың альтернативті (ақысыз жол) баламасы бар.

Әлемнің 30-дан астам елінде ақылы жолдар жұмыс жасайды. Алайда, бұл жергілікті халық міндетті түрде жолға ақша төлеп жүруі керек деген заңды көрсетпейді. Бұл жерде жүргізуші үшін екі таңдау бар. Бірі – ақылы жол, енді бірі – альтернативті тегін жол.

Мәселен, Еуропада ақылы жолдар арқылы жүру көлік сапасын сақтап, жүргізуші үшін қауіптің алдын алатын шығындарды өтей алады. Бұл жолдарда орташа есеппен 100-105 км/сағ жылдамдықпен қозғалуға болады.

Тегін жолдар. Бұл жолда жүру орташа есеппен 60-70 км/сағ құрайды. Жолдың сапасы сын көтере бермейді. Дегенмен, діттеген жерге жетуге болады. Көлік шығыны, қауіпсіздік мәселесі өз қолыңызда болмаса, ақысыз жолмен жүргеніңіз үшін ешкімге айып таға алмайсыз.

Қазақстанда ше?

Елімізде 2018 жылдың қарашасынан бастап пилотты режимде  төлем қабылдайтын бекеттер: Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас, Астана – Теміртау.

Айта кету керек, еліміздегі алғашқы ақылы жол Астана-Щучье бағытындағы тас жолға енгізілген.

Сонымен бірге І дәрежелі Астана – Петропавл жолы да ақылы негізде пайдаланылады.

Қазақстандағы ақылы жол мәселесін көтеру және оның айналасындағы дауға байланысты бірнеше фактор аталды. Соның басты әрі бірегейі альтернативті тегін  жолдың болмауы. Тіпті бұл жайында сөз де қозғалған жоқ.

ҚР парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев осы мәселені көтере білді:

«Әлемдік тәжірибеге салатын болсақ, ақылы жолдардың альтернативті ақысыз жолдары бары. Халық өзіне ыңғайлы, тегін жолда, шығын төлемей жүруге мүмкіндік ала алады. Біз не істеп отырмыз? Біз альтернативті жол туралы сөз қозғамақ түгілі, жүргізушілердің таңдау жасауына мүмкіндік бермей, ақылы жолмен жүруге міндеттейміз. Кім кінәлі? Халық онсыз да салық төлеп отыр. Жол да осы халықтың салығына салынады. Сонда біз оларға тағы төлеуін талап етеміз бе?».

Мәселенің мәні

Ақылы жол халықтың салығына салынып отырғанын Азат Перуашев мырза қадап айтты. Ендеше, елдің қазынасына салынған жолдың әлемдік стандартқа сай болуы керек еді.

жол

жол

жол

Суретте Алматы – Қапшағай және Алматы – Қорғас ақылы тас жолдары көрсетілген. Әлі құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын анық көруге болады.

Алматы – Қапшағай, Астана – Теміртау бағытындағы ақылы жолды жасауға жалпы құны 4,5 миллиардтан астам теңге бөлінген. Келісім-шарт 2017 жылдың басында жасалған және 7 ай ішінде бітуі керек еді. Ал Алматы – Қорғас бағытындағы ақылы жолға 3 млрдтан астам ақша бөлінді. Келісім бойынша 2017 жылдың соңында жасалған шарт негізінде 6-7 айда жұмыс аяқталуы керек болатын. Ақылы жол деп қанша айтқанымызбен, әлі қосылған жоқ. Екі жыл бойына жол қозғалысына құрылыс жұмыстары кедергі жасап келеді. Тіпті бірнеше рет жол апаты тіркелгенін де жақсы білеміз.

Заң бойынша жолдың бір бағыты үшін бекітілген төлем құны төмендегідей:

жеңіл автокөлік (егер жергілікті транспорт болса) – 100 теңге;

жеңіл автокөлік (транзит) – 200 теңге;

16 орындық автобус пен 1,5-2 тоннаға дейін жүк көтере алатын екі осьті жүк көлігі – 1000 теңге;

32 орындық автобус пен 5,5 тоннаға дейін жүк көтере алатын екі осьті жүк көлігі – 2100 теңге;

32 орындықтан көп автобус пен 10 тоннаға дейін жүк көтере алатын екі осьті жүк көлігі – 3100 теңге;

10-15 тоннаға дейін жүк көтере алатын үш осьті жүк көлігі – 4200 теңге;

15 тоннадан артық жүк көтере алатын жүк көлігі – 5200 теңге.

Туындайтын екі мәселе:

— Мемлекеттен бөлінген қаржыға салынуы керек ақылы жолдың толыққанды халық пайдасына уақытында берілмеуі;

— Ақылы жолдардың альтернативті тегін бағытының болмауы;

Халық ақылы жолға ақы төлеуге дайын ба?

Ақылы жолды есептеменген кезде, аудан-аймақтардағы, атап айтқан кезде Қызылорда – Жезқазған бағытындағы, Тарбағатай – Аягөз арасындағы тас жолдардың сапасы ендігі жарамсыз күйде тұр. Ауылдан қалаға жету үшін көлігін 3-4 рет жөндеуге беріп, қалтасындағы ақшасынан қағылған жүргізуші елімізде жаппай салынып жатқан ақылы жолдарға ақы төлеуге дайын болар ма екен?!

Министр алдағы 7 жыл ішінде елдегі жол мәселесі жақсы жағынан шешіледі деген ой айтты. Біз де осы ойдың жаппай республикалық деңгейде жүзеге асқанын қалаймыз.

Петр Савкин «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында былай дейді:

Сапаржайға барғанда Степногор қаласының автобус жүргізушілеріне жолықтық. Соңғы уақытта ақылы жол мәселесі қиындап кеткендіктен бұл жолы «Степногор-автотранс» ЖШС директорының орынбасары да елордаға арнайы келіпті. Елдегі заң бойынша автобан бой­ындағы елді мекендерге қатынайтын қоғамдық көліктерге жолды пайдалану тегін еді. Жол ақылы жүйеге өткеннен кейін де екі ай көлемінде солай болды. Енді не өзгергенін білмейміз. Әуелі Степногордан Астанаға дейін келер жолдың бойындағы кіріп-шығатын елді мекендердің бәрінен анықтама әкеліп отырыңыздар деді. Ыңғайсыз әрі қолайсыз болса да бұл талаптарын орындап жүрдік. Енді оның да керегі болмай қалды. Ақы төлеңдер дейді. Ал біз жағдайдың мән-жайын толық білгенше ақы төлеуден бас тартып тұрмыз. Төлемеуіміздің тағы бір себебі, әр өткенімізде әртүрлі баға көрсетеді. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін айыра алмай жүрген жағдай бар. Қазір әр өткенімізде ақы төлемегеніміз үшін акт толтырып, қолымызға ұстатып жатыр. Олардың әрқайсысында әртүрлі баға болумен қатар, оның ешбірінде тіркелген мемлекеттік нөмірі де, басылған мөрі де жоқ. Күндердің күнінде жолға ақы төлемегеніміз үшін тиісті мекеме бізді сотқа шақыртуы бек мүмкін. Сол кезде, ешкімнің қойған қолы мен мөрі жоқ актімен қалай сотқа жүгінбек деген де ой келеді.

Дәл осындай ойымен бөліскен Сәкен Таласбаев:

«Алыс-жақын шетелдердегі ақылы автожолдар туралы біз де естіп, сәті түскенде түрлі басылымдардан оқып та жүреміз. Содан білетініміз, оларда ақылымен қатар ақысыз балама жолдар да бар. Сондай-ақ, ақылы жолдары тақтайдай тегіс, көрсетілетін қызметтерінің сапасы да жақсы. Ал, бізде балама жол былай тұрсын, ақылы автобанымыздың ашылғанына 3-4 ай ғана болғанына қарамай, кей тұстарының күйі кете бастаған. Күн санап жолдағы жарылған ойықтар саны артып келеді. Оған жол жөндеушілер қара майды, яғни гудронды құя салады. Оның көпке шыдамайтыны белгілі. Аралықтағы елді мекен тұрғындарына күнде ақылы жолда жүру де оңайға соқпайды. Мен өзім де ауылданмын, балама жол болмағандықтан ақылы магистральде жүруге мәжбүрмін, деді Mersedes-Sprinter көлігінің жүргізушісі» осылай деп ағынан жарылды.

Авторы: Марғұлан Ақан

Дереккөз: bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы