Шымкентте бір отбасының 9 адамы коронавирустан жазылды

0

Қала басшысы ауруынан сауығып шыққандарға уақытылы медициналық көмек көрсеткен дәрігерлерге алғыс білдірді

НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Шымкентте коронавирусқа шалдыққан бір отбасының 9 адамы емделіп шықты. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова мәлімдеді, деп хабарлады қалалық төтенше жағдай жөніндегі штаб.

Дертінен сауыққандар – 2 бала, олардың біреуі 1 жасқа толмаған, жетеуі – ересек. Ауруханадан шығарылған пациенттердің зертханалық анализдері теріс нәтиже көрсетті.      

«Осыған байланысты Шымкентте 3 нысаннан: Тайманов көшесі, Төреқұлов көшесі және Мақталы көшесінен карантин алынды», — делінген хабарламада.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов науқастарға уақытылы көмек көрсеткен медицина қызметкерлеріне алғыс айтты.

«Медицина қызметкерлеріне алғыс білдіремін: ауруынан сауығып шыққандар уақытылы медициналық көмек көрсетудің арқасында ғана емделіп шықты», — деп жазды Әйтенов.

Оқи отырыңыз: Ғалым коронавирустан кейін не болатынын болжады

Ол оқшаулану режимін сақтауды жалғастыру керек екенін еске салды, өйткені бұл аурудың одан әрі таралуын осылай ғана тоқтатуға болады.



sputniknews.kz