Шымкентте «әкімнің шығуын» талап еткен аналар «аштық жариялады»

0

12 шілде таңертең Шымкент қаласының әкімдігі алдына жиналған бір топ ана қала әкімі Ғабидолла Әбдіраxымов шықпайынша аштық жариялайтындарын мәлімдеді. Түс кезінде таңертеңнен бері күн астында тұрған аналардың бірі құлап, жедел жәрдем шықыртылды. Дәрігерлер қысымы көтерілген әйелді ауруханаға алып кетті.

Азаттық тілшісінің хабаралуынша, әкімдік алдына жиналған аналар қала әкімінің шығып, шағымдарын тыңдауын талап еткен. Бірақ оларға әкім емес, оның орынбасары Гүлжан Құрманбекова шығып, аналарды «заңсыз әрекетке бармауды» сұраған. Жиналғандар оған 101 мың теңге көлеміндегі бір реттік жәрдемақының берілуіне қатысты сұрақтарын қойды.

«101 мың теңге бір реттік жәрдемақы айлық табысы жан басына шаққанда 5050 теңгеден аспайтын, жағдайы төмен отбасыларға ғана беріледі. Қалада ондай 300 отбасының құжаты қабылданған» деді әкім орынбасары.

Алайда бұл жауапқа қанғаттанбаған он шақты ана «әкім шықпайынша аштық жариялаймыз, бүгін шықпаса ертең Астанаға барамыз» деді. Аналардың әкімнің шығуын талап еткеніне үш сағатқа жуықтады. Әзірге әкім наразылармен кездеспеді. Жиналғандарды прокуратура қызметкерлері мен полицейлер, әкімдік қызметкерлері бақылап тұр.

Azattyq