Абаев: Астана күнгі наразылық шарасы

0

Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 6 шілдеде болған наразылық шарасын «арандату» деді. Бұл туралы ол 11 шілде мемлекеттік «Хабар» арнасындағы «Открытый диалог» (Ашық диалог) хабарында айтты.

«Мұндай шараны ұйымдастырушыларға наразылыққа келгендерді полицияның ұстағаны тиімді. Олар әдейі мереке күнді және қаладағы адам көп жүретін жерлерді таңдады. Наразылыққа келгендердің әрекеті азаматтық ұстанымын білдіру үшін емес, шу шығарып, полицияны арандатуға бағытталды. Егер бұл бейбіт шара болса, неге қатысушылар түтін газы мен респиратор әкелген? Митинг ұйымдастырушылар диалогты қаламайды. Олар көшеде шу болып, көп адам ұсталып, зардап шеккенін қалайды» дейді Абаев.

6 шілде – елде Астана күні. Бұл мереке елді 30 жыл басқарып, президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келеді. ІІМ дерегінше, ссы күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда наразылық шарасы кезінде полиция «жүзден астам адамды» ұстаған. Бірақ құқық қорғаушылар бұл күні полиция кем дегенде 600-ден астам адамды әкеткенін айтады.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың сөзінше, сот 19 адамды әкімшілік қамауға алып, 23 адамға айыппұл салған. Қалғандарымен «профилактикалық әңгіме жүргізілген». Қазақстан билігі «ұсталғандар заңсыз митингіге қатысуға талпыныс жасады» деп санайды.

Халықты 6 шілдеде билікке қарсы наразылық білдіруге Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, 2009 жылдан бері шетелде тұратын Мұхтар Әблязов шақырған.

2018 жылы наурызда Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, елдегі қызметіне тыйым салған. Ал Әблязовтың үстінен «тапсырыспен адам өлтірді, ірі көлемде ақша жымқырды» деп қылмыстық іс қозғап, өмір бойы түрме жазасына кескен. Ал Әблязов бұл айыптардың саяси астары бар деп санайды.

Қазақстанда жыл басынан бері наразылық шарасы көбейген. 1 мамыр және 9 маусымдағы билікке және сайлауға қарсы наразылықты да Қазақстан билігі «заңсыз және арандатушылардың әрекеті» деп сынаған. Полиция наразылық белгіленген жерге келген мыңдаған адамды күштеп ұстаған. Наразылық шарасында полицияның адамдарды күштеп ұстауын PEN International, БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңсесі, Human Rights Watch және ЕҚЫҰ да сынаған. Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін азаматтардың ойын еркін айтуға рұқсат беріп, қысым жасамауға шақырған.

Azattyq