Шымкентте әйел сасқанынан ақшаны дәретханаға ағызып жіберген

0

Шымкент тұрғыны пәтер жалдап, жасырын казино ашқан. Құқыққорғаушылар пәтерді тінту үшін келгенде әйел ақшасын дәретханаға ағызып жіберген, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Шұғыл әрекет ету арнайы жасағы және қаржы комитетінің қызметкерлері заңсыз мекемеге кіргенде 300 мың теңгеге жуық ақшасын ұтылған жеті қонақты анықтайды. Өзбекстаннан келген 30 жастағы бизнесвумен бұл ақшаның бәрін кәрізге ағызған.

Екі баланың анасы жалға алған пәтерін кәдімгі казинодан кем етпей: қалың перде, еменнен жасалған үстел және покер ойынына қажет барлық аксессуармен жабдықтаған. Тіпті бейнебақылау камерасын да қойған. Енді әйел 500 мыңға жуық айыппұл төлеуі керек.

«Ұстаған кезде сотталған азаматпен бірге тағы ойнап отырған жеті адам және екі дилер қыз болды. Бәрі істе куәгер ретінде қарастырылды. Әйел дилерлердің 5 мың теңгесін алдап алған. Олар қылмыс бизнес екенін білмегенін айтты. Ал ұстау кезінде табысының бәрін дәретханадан ағызып жіберген. Олар іске өкінгенін айтқаннан кейін кешірілді», — деді судья Қанат Мылтықбаев.