Дәулеткерей Кәпұлы: «Нұр Отанның» жеңісіне шүбә келтірмеймін

0

Қазақстан орталық сайлау комиссиясы 10 қаңтар күні болған парламент сайлауының нәтижесі бойынша мәжіліске «Нұр Отан», «Ақ жол» және «Қазақстан халық партиясы» (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы) өткенін мәлімдеді. Ал қалған екі партия – «Ауыл» мен «Адал» мәжіліске өтпеді, деп хабарлайды ORDA басылымы.

Дегенмен, межелі дауысты жинай алмаған бұл екі партия кандидаттарының арасында ОСК жариялаған сайлау нәтижесімен келіспейтіндері де бар. Солардың бірі – сайлауға «Ауыл» партиясының атынан түскен ақын Дәулеткерей Кәпұлы.

Ол ORDA. тілшісіне берген сұхбатында саяси процестің әділетсіз өткенін, бірақ сайлау нәтижесі бойынша ең көп дауыс жинаған биліктегі «Нұр Отан» партиясының «айқын» жеңісіне шүбә келтірмейтінін айтты.

«ҚЫЗЫЛ ПАРТИЯДАН КӨП ДАУЫС ЖИНАДЫҚ»

ORDA: ОСК шығарған сайлау нәтижесіне көңіліңіз тола ма?

Дәулеткерей Кәпұлы: Жоқ, көңілім толмайды.

ORDA: Не себепті?

Дәулеткерей Кәпұлы: Өйткені дауыс дұрыс саналған жоқ деп есептеймін.

ORDA: Сонда сіздіңше сайлау әділетсіз өтті ме?

Дәулеткерей Кәпұлы: Иә.

ORDA: Оны қандай фактіге сүйеніп айтып отырсыз?

Дәулеткерей Кәпұлы: Біз сайлауалды үгіт-насихат кезінде қаншама ел араладық. Кездесулер өткіздік. Бізге берілген дауыс әлдеқайда көп болуы керек еді.

ORDA: Учаскелерде бақылаушыларыңыз болған шығар?

Дәулеткерей Кәпұлы: Әрине, барлық учаскеде бақылаушыларымыз отырды.

ORDA: Солардың хаттамасы бойынша тексеріп көрдіңіздер ме? Қанша пайыз дауыс жинапсыздар?

Дәулеткерей Кәпұлы: Бәрін тексерген жоқпыз. Дегенмен қолымызға түскен хаттамалардың барлығында біз «қызыл партиядан» – халықтық партиядан (Қазақстанның халық партиясын айтып тұр – ред.) көп дауыс алдық.

«ДАУЫСТЫ ДАУЛАП КӨШЕГЕ ШЫҚПАЙМЫЗ»

ORDA: Енді сіздерді қолдаған сайлаушылардың дауысы үшін күресесіздер ме? Қандай әрекет істейсіздер?

Дәулеткерей Кәпұлы: Оған қандай шара қолданамыз енді? Ішкі наразылығымызды айтып отырмыз. Енді ол үшін көшеге шықпайсың ғой. Кім шығады көшеге?

ORDA: Митингіге шығып ұрланған дауысты талап етпейсіздер ме?

Дәулеткерей Кәпұлы: Әрине, жоқ. Орталық сайлау коммиссиясы барлығын заңды деп танып отыр. Біз ішкі наразылығымызды айтып отырмыз. Болды.

Дәлеткерей Кәпұлы: «Нұр Отанның» жеңісіне шүбә келтірмеймін
Үгіт-насихат өткізіп жүрген «Ауыл» партиясының мүшелері. Фото партияның ресми сайтынан алынды

ORDA: Ішкі наразылықты ашық білдіруге болады ғой…

Дәулеткерей Кәпұлы: Білдіргенде енді… Кеше 31 арнаға сұхбат бердім. Келіспейтінімді айттым.

ORDA: Партияластарыңыз не деп жатыр?

Дәулеткерей Кәпұлы: Партияластарым әзірге үндемей отыр. Мен айтқанмын, брифинг бірдеңе өткізейік, айтайық деп. Ол кісілер әзірге ешқандай жауап берген жоқ.

ORDA: Партияластарыңыздан мүлдем қолдау болмады ма сонда?

Дәулеткерей Кәпұлы: Иә, болмады. Неге мен ғана сөйлеп жатырмын. Өйткені «Ауыл» партиясы десе, желідегі жұрттар мені белгілеп жатыр. Журналистер де менен сұрап жатыр. Дәулеткерей Кәпұлы деген аты-жөнім үшін хабарласып жатыр. Сол үшін жауап беруге тура келеді. Ал партия үндемей отыр.

ORDA: Егер партияластарыңыз «сайлау нәтижесіне қарсылық білдірмейміз, әділ өтті» десе, алдағы уақытта да партия құрамында қала бересіз бе?

Дәулеткерей Кәпұлы: Партияда қала беремін. Партияда болсам да ішкі қарсылығымды, позициямды білдіріп отырамын. Бәріміз бас шұлғып отыра беруімізге болмайды ғой.

«САЙЛАУДЫҢ ӘДІЛ ӨТЕТІНІНЕ ӨТЕ ҚАТТЫ СЕНДІМ»

ORDA: Сайлау алдында саясаттанушылар, қоғам белсінділері «сайлау бәрібір әділ өтпейді, билік өз дегенін істейді» деген пікір айтты. Айтыңызшы, сіз бастапқыда сайлаудың әділ өтетінен сендіңіз бе?

Дәулеткерей Кәпұлы: Мен әділ өтетініне өте қатты сендім. Өйткені біздің қоғамда қазір жылымық пайда болған. Бұрынғыдай емес, жылымық бар.

Дәлеткерей Кәпұлы: «Нұр Отанның» жеңісіне шүбә келтірмеймін
Дауыс беріп тұрған алматылық тұрғын. Алматы, 2021 жыл 10 қаңтар.

ORDA: Өзіңіз айтып тұрғандай сайлаудың әділетсіз өткеніне не себеп болды?

Дәулеткерей Кәпұлы: Мен неге «Қызыл партия» деп отырмын? Кеше ғана атын өзгертті олар. Ал тәуелсіздік күні қарсаңында Ресей думасының депуттары қазақ жеріне көз алартып, түрлі әңгіме айтты. Біреуі емес, үшеуі. Сондықтан бұл жерде қызыл партияның парламентке өтуіне Ресей ықпал етті деп ойлаймын. Осыны міндетті түрде жазыңыз.

ORDA: Жарайды, жазамыз. Сонда сіз ОСК сіздердің дауысты «Қазақстанның халық партиясына» ұрлап берді деп есептейсіз бе?

Дәулеткерей Кәпұлы: Иә, дауысымызды «қызыл партия» ұрлады.

ORDA: Басқа партиялардан күдіктенбейсіз бе? Мысалы, ең көп дауыс жинаған «Нұр Отаннан»?

Дәулеткерей Кәпұлы: Өзге партиялар ұрлады дегенге кепілдігім жоқ. Бірақ басқа-басқа «Нұр Отан» ол – биліктің партиясы. Біз сайлауалды насихат науқанында байқап жүрдік, «Нұр Отанның» насихаты өте жақсы болды. Ал халықтық партияның (ҚХП) халықты селт еткізген ешқандай насихатын көрген жоқпыз. Сондықтан да олардың бізден көп дауыс жинағанына күмәнмен қараймын.

ORDA: Ал, «Нұр Отанның» жинаған даусына шүбә келтірмейсіз бе?

Дәулеткерей Кәпұлы: Нұр Отанның даусына шүбә келтірмеймін. Өйткені ол – билік партиясы. Және барлық ауылдық, аудандық, облыстық жердегі жергілікті билік «Нұр Отанға» үгіт жасады. Олардың көп дауыс жинайтыны содан-ақ анық еді.

ORDA: Сұхбатыңызға рақмет!

P.S: ORDA. тілшісі мәжіліске өте алмай қалған қос партияның белсенді мүшелерінен сайлаудың қалай өткенін сұрап көруге тырысты. Алайда әлеуметтік желідегі жазбаларында сайлау нәтижесімен келіспейтінін жеткізген «Адал» партиясының мүшелері – журналист Мақсат Толықбайдың да, блогер Дәулет Мұқаевтың да, сайлауға «Ауыл» партиясының атынан түскен журналист Дәурен Қуаттың да телефон нөмірі өшіп тұрды. Тілшінің Whatsapp мессенджері арқылы жазған хабарламасына аты аталған үш кандидат та жауап жазған жоқ.