Шымкентте 70-тегі кейуана үйге бола «қыздарынан таяқ жегенін» айтып, жанайқайын жеткізді (фото)

0
2203

Шымкенттік кейуана Алтынкүл Асқарованың отбасындағы оқиға қайтадан жалғасын тапты. Жақында отандық ток-шоулардың бірінде қонақ болған кейуана 50 жылдан аса қоныстанған қара шаңырағынан «қыздарының кесірінен айырылып қалатынын» айтып, көмек сұраған еді. Алтынкүл әжейдің кіші қызы Зағипа Асқарова журналистерге хабарласып, үлкен екі әпкесі күйеулерімен бірге «анасын соққыға жыққанын» айтты.

Бүгінде 70 жастағы кейуананың қолы гипске оралған. Алтынкүл Асқарова арнайы видео жолдаса, оның қыздары өз тараптарынан пікір білдірді. «Біз отбасында жеті баламыз. Бүгінде үшеуі о дүниелік болып, бір ағам, екі әпкем және өзім қалдым.

Отбасымыздағы оқиғаны естіген жұрт жағасын ұстайтын шығар, бірақ шындық пен әділдік іздеп жүрген соң, жасырғым келмейді. Анам Алтынкүл Асқарова 70 жаста. Ол 1967 жылы келін боп түскен қара шаңырақта тұрып жатыр.

Осы үйдің арты дауға айналарын кім білген? 2014 жылға дейін әкем мен шешем осы үйде өздері тұрды, сол жылы әкем қайтыс болған соң, анам жалғыз қалды. Балаларының бәрі бөлек үй боп кеткен соң, әрбіріміз қарайласып тұрдық. 2018 жылға дейін осылай жалғасты. Сол жылы кіші сіңлім басында баспанасы болмағасын, күйеуі және екі баласымен анамның қолында тұрғысы келетінін айтады.

Әрине, анам онсыз да жалғыз тұрып жатқан соң, қуана келіседі. 2018 жылдың 10 тамызында сіңлім балаларының мектепте баратынын сылтауратып, құжат керектігін айтып, анамды ЦОН-ға алып барған. Ал шын мәнінде күйеу баламен бірге үйді сатып алғаны туралы анықтама жасатып, өз атына аударып, анама қол қойдыртып алған.

Сіңлімнің әу бастан жүрегінде ақау бар еді. Сол оқиғадан соң көп өтпей, 18 тамыз күні ол қайтыс болды. Мен жұмыс бабымен Оңтүстік Кореяда жүрген едім, жерлеуіне үлгере алмадым. Қызықтың көкесі сіңлімнің қазасынан соң басталды», – дейді Зағипа.

Зағипаның айтуынша, сіңлісі қайтыс болған соң марқұмның күйеуі ағасымен бірге келіп, үйді босатуын сұраған.

«Олар үйді өз аттарына рәсімдеген кезде 10 миллионға сатып алғандарын және сатушы тарап, яғни, менің анам ақшаны толық алғанын жазған құжатта. Шын мәнінде, мұның бірі де болған жоқ. Анамды алдап апарды. Содан соң, біз күйеу баланың әкесін шақырып, екі жақ келісімге келгендей болды.

Олар алты ай уақыт сұрап, кейін үйді қайтаратынын жеткізген. Бірақ алты ай толуына 15 күндей уақыт қалғанда күйеу баламыз анамды тағы да алдап, үйді өзіне сыйлау жолымен беру керектігін, сонда ғана заң бойынша үйді анама аудара алатынын айтыпты. Өйткені, анамның да сол үйде үлесі бар ғой. Өлердегі сөзін айтқан соң, анам сеніп, өз үлесінен бас тартты. Ал содан кейін күйеу баладан хабар жоқ. Неше мәрте сот болды, біріне де келген жоқ», – дейді ол.

Зағипа осыдан соң іске Алтынкүл Асқарованың екі үлкен қызы араласқанын мәлімдеді.

«Екі әпкем сотқа бара алмайтындарын, жеке бас куәлігінің мерзімі өткенін айтып бас тартты. Ал біз бүкіл туыс пен көрші-көлемді ертіп, қаншама рет сот табалдырығын тоздырдық. Кейін мен екі әпкемнің анама қарсы шыққанын естідім. Олар күйеу баламызбен ауыз жаласып, анамыз он миллион ақшаны алды деп сотқа шағым көрсеткен.

Олардың негізгі мақсаты – жалпы құны 30 миллион тұратын әлгі үйді сатып, он миллионнан бөліп алу екен. Осыдан соң нағыз шайқас басталды. Мен өзімнің үй-жайым, бала-шағам болса да, анамның қасына көшіп келдім. Қазіргі анамның күйін сөзбен жеткізе алмаймын», – дейді ол.

Кейуана
Фото: Жеке мұрағатынан

Зағипа Асқарова екі әпкесінің күйеулерімен бірге келіп, «70 жастағы анасын соққыға жыққанын» нағыз масқараға теңеп отыр.

«Жақында екі әпкем мен жезделерім келіп, анамды көзімше ұрып кетті. Дүние үшін адамдар анасын да ұра беретін болды қазір. Әпкелерім үйге келіп, тезірек үйді босатыңдар деп анамды таяқтың астына алды. Иә, өз аналарын соққыға жықты. Олардың бірі менің аузыма төрт саусағын тығып алғанда демалуым қатты қиындап кетті.

Ал жезделерім болса, анамды сүйреп, саусақтарын есікке қысып тастаған. Тіпті, үйден шығып бара жатқанда да анамды сабағанын көрдім. Дереу жедел жәрдем мен полиция шақырдық. Саусағының еттері сыпырылып кеткен анамның. Қазір қолында гипс бар…

Осыған қатысты әділдік іздеп жүрмін. Бүгінде прокуратураға арыз жаздық. Ал үйді атына аударып алған сіңлімнің күйеуі болса, мүлде хабарсыз жатыр. Анам нағыз қорғансыздың күйін кешіп отыр. Менен басқа ешкімі қалмады. Өзінің баласы мен күйеу балаларынан таяқ жегені жаныма қатты батады», – дейді Зағипа.

Осы орайда, KAZ.NUR.KZ екінші тараптың да пікірін білді. Анасын ұрды деп айыпталған Бағила Асқарова болса, жоғарыдағы жайттардың бәрін жоққа шығарып, сіңлісі мен анасының кезекті өтірігіне балады.

«Біздің анамызды ұрды деп айыптағаны бір грамм да шындыққа жанаспайды. Себебі, анасын ұратындай жынды емеспіз. Анамызға қолымыздың ұшын да тигізген жоқпыз. Мұның бәрі анам Алтынкүл мен сіңлім Зағипаның құрастырған өтірігі. Бұл туралы олар «Кел, татуласайық» бағдарламасында да айтты. Біріншіден, біздің ол үйге ешқандай таласымыз жоқ. Құдайға шүкір, басымызда өз баспанамыз, шаңырағымыз бар.

Екіншіден, сол жолы біз арамызды суытпай, анамызды елге масқара қылмай, татуласайық деген мақсатпен бардық. Ортадан ақша шығарып, анамызды демалыс орнына жіберсек деген тілегіміз де болған. Бірақ Зағипа бізді ұрып-соғып, айғайлап, қуып шықты. Менің саусақтарымды тістеп, көгертіп қойды. Бүгінде жара іріңдеп, мазамды алып жатыр. Мұның бәрі өтірік, шындыққа еш қатысы жоқ. Анамызды сабайтындай жынды емеспіз», – дейді Бағила Асқарова.