Шымкентте 20 жастағы қызды жалдамалы пәтерде тұншықтырып өлтірген (видео)

0

Шымкентте бойжеткеннің мәйіті табылды. 20 жастағы қызды жалдамалы пәтерлердің бірінде тұншықтырып өлтіріп кеткен. Пәтер иесі марқұмның денесін тек екі тәуліктен кейін ғана байқапты. Себебі, баспананы жалға алған жігіт есікті сыртынан құлыптап, өзі белгісіз жаққа қашып кеткен көрінеді. Осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Бойжеткеннің мәйіті 18-ші шағын аудандағы «Атамекен» тұрғын үй кешенінен табылған. Үй төрайымының сөзінше, мұнда жалға берілетін пәтерлер көп көрінеді. Әлгі күдікті де осы жерден екі тәулікке пәтерді жалға алыпты. Сөйтіп өзімен бірге бойжеткенді ертіп келген».

Мына суретте марқұмның етбетінен жатқан денесін байқауға болады. Оның жанында тоққа қосылған ұялы телефон мен шаш бұйралайтын құрылғы жатыр.

Полицейлер марқұмның Түркістан облысының тұрғыны болғанын айтады. Жасы 20-да екен.

ЕРАЛЫ ЖҰМАХАНБЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Мәйітті қарау барысында мойын тұсында қылқындыру белгілері анықталып, сот-дәрігерлік сараптама қорытындысымен қылқындырудың нәтижесінде қайтыс болғаны белгілі болды».

Осы оқиға бойынша, адам өлтіру бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Шұғыл іске кіріскен тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, көп ұзамай қолға түсірген. Ол Түркістан облысының 23 жастағы тұрғыны екен. Жігіт сол маңдағы бейнекамераға түсіп қалыпты.

ЕРАЛЫ ЖҰМАХАНБЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Қазіргі таңда, күдіктіге бұлтартпау шарасы қолданылды».

Марқұмның денесін алғаш пәтер иесі байқапты. Екі тәулікке жалға алған жігіттен хабар болмаған соң, өзі үйге келіп, сұмдық жағдайды көрген. Полицейлерді шақырған да сол кісі екен. Ал үй төрайымы естіп-білгенін былайша баяндап берді.

ЗУБАЙРА, ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: «Тыныш болғанда енді екі өлім. Ана жақты бізде бір жігіт қайтыс болған 10-шы этаждан құлап кеткен.Тоже квартира снимать еткен. Жас жігіт 29-да. Мына кісі енді 20-жастағы қыз. Еще беременная».

Осы күні күдікті қамауға алынған. Қаскүнемнің неліктен жас қыздың өмірін қиғаны әзірге белгісіз. Жай-жапсары тергеу барысында белілі болады дейді полицейлер.