Сайлаудан кейін Беларусь сияқты болуымыз мүмкін – сарапшы

0
27
Advertisement

Мәжіліс сайлауы 10 қаңтарда өтетін болды. Мұны президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде жария етті.

Алдағы сайлаудың қызығы мен шыжығын танымал саясаттанушы Максим Казначеевтен сұраудың сәті түсті.

– Кейбір сарапшылар дауыс онлайн берілетіні, сайлау локдаунмен тұспа-тұс келуі мүмкін екенін айтты. Қатаң қарантинде сайлау өткізу тым асығыстық емес пе? Кейінге қалдыруға болмас па еді?

– Жоқ, асығыстық емес. Сайлау өткізу мерзімі Конституцияда нақты көрсетілген. Президент қазіргі Мәжіліс құрамының мерзімі аяқталуға дейін бес ай бұрын сайлау өтетіні жайында жария етуге тиісті. Оның басқа амалы жоқ. Осылай етуі қажет.

Иә, сайлау қатаң карантин жағдайында өтуі әбден мүмкін. Сондықтан жаңа электронды технологияларды енгізу арқылы сайлау өткізілуі ғажап емес. Қашықтан – электронды үкімет порталында дауыс берілуі ықтимал.

Түрлі нұсқалар бар. Соның ең қолайлысы – қашықтан дауыс беру. Мәселен, Беларусьте сайлаушылардың 40 пайызы мерзімінен бұрын, қашықтан дауыс берді. Ондағы мақсат – сайлау учаскелерінде қарбалас болдырмау және індеттің таралуына жол бермеу. Бәлкім, біздегі парламент сайлауы кезінде осындай технологиялар қолданылуы мүмкін.

– Сонда, партиялар үгіт-насихат кезеңін қалай өткізбек? Дауыс берушілермен қалай кездесу ұйымдастырмақ?

– Әрине, сайлаушылармен тікелей кездесулер болмайтыны түсінікті. Партиялар үміткерлер мен сайлаушылардың тікелей қатынас жасауын болдырмайтындай электронды бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, интернет-сайттар, теледидар арқылы жұмыс істейтін болады.

– Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл сайлау өзге сайлаулардан өзгеше өтетін көрінді. Өйткені, қазір билік бұрынғыдай біртұтас емес, екі орталығы бар. Бұған қосыласыз ба?

– Жоқ, келіспеймін. Бұл сайлау 2016 жылғы сайлаудан ешқандай өзгешелігі болмайды. Бір айырмашылығы бар болса, ол карантин шараларына ғана байланысты. Сайлауға қатысатын саяси партиялардың  құрамы бір. Сол баяғы партиялар мен баяғы тұлғалар.

«Нұр Отанда» негізгі шешімді партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қабылдайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев болса, «Нұр Отан» партиясының бір өкілі ретінде сайлау барысына қосымша ғана ықпал етеді.

Партияластары да оның нұсқауларына аса қатты мән бере қоймайды деп ойлаймын. Өйткені, партияның өз көшбасшысы бар. Партия тек қана соның дегенімен жүреді.

– Осы уақытқа дейін айтылған болжамдарға қарағанда, «Нұр Отан» 70 пайыз дауыс жинайды. Екінші орын әдеттегідей «Ақ жолға» бұйырады. Ал ҚХКП-ға келсек, оның парламенттен қайта төбе көрсетуіне күмәнмен қарайтындар бар. Оның орнын «Ауыл» басады деседі. Ал сіздің болжамыңыз қандай?

– Біздегі жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің сайлау қорытындысына ешқандай қатысы болмайды. Дауыс беру қорытындысы әкімшілік ресурс арқылы анықталады. Сайлаушылар кез келген нәрсе туралы ойлай беруі мүмкін. Ал әкімшілік әр партияның қанша дауыс жинауы тиіс екені, нақты пайыздары көрсетілген тиісті нұсқау береді.

Меніңше, жалпы алғанда, Парламенттің келесі құрамында аз ғана өзгеріс болады. Коронавирус пандемиясы кезінде «Нұр Отан» партиясының «жиған дауысын» аздап азайтып (шамамен 5 пайызға),  Парламентке спаринг-серіктес ретінде енді екі емес, үш партия кіруі мүмкін. Яғни, жеті пайыздық кедергіден өтіп, екінші орынға «Ақ жол», үшінші, төртінші орынға ҚХКП мен «Ауыл» жайғасады.

– Оппозициялық партияларға келсек, тіркелген жалғыз ЖСДП бар. Ол қайтпек?

– Өкінішке қарай, аморфтылығының кесірінен ЖСДП пен Бірлік партиясы жеті пайыздық кедергіден өте алмайды.

– Жанболат Мамайдың Демократиялық партиясы мен Тоғжан Қожалиеваның «ХАҚ» партиясының осы сайлауға қатысу мүмкіндігі қандай?

– Оппозициялық партияларды тіркемеуге қатаң пәрмен беріліп отыр. Сайлауға дейін небәрі 2-3 ай ғана қалды. Осы уақыт ішінде партияларды тіркеп үлгеру мүмкін емес нәрсе.

– Қалай ойлайсыз, беларусь немесе қырғыз сценарийі бізде қайталануы мүмкін бе?

– Беларусь сценарийін жүзеге асыруға ұмтылыс болады. Контрэлита бұл бағытта қазірдің өзінде жұмыс істеп жатыр. Біз Саакашвили секілді тұлғалармен шетелде өткен кездесулерді көрдік. Сорос қорының Қазақстанда белсенді әрекетке көшкенін байқап жүрміз. Бақылаушыларға түрлі тренингтер өткізіп жатыр. Ақорда бұған қарсы – оппозициялық құрылымдарға санкциялық қысымды күшейтеді. Құқық қорғау органдары мен арнайы қызметті жұмылдырады.

Әрине, сайлау алдында, сайлаудан кейін түрлі митингтер өткізуге әркет жасалады. Бірақ оларды құқық қорғау органдары қатаң басып тастап отырады.

nege.kz

Ең соңғы жаңалықтарды KzNews.KZ телеграм каналынан оқи аласыз! Телефоныңызға тікелей келетін ақпаратқа жазылыңыз. 

 
Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз