Шымкент қаласының жаңа әкімі тағайындалды
Қысқа сілтеме алу
Мұрат Әйтенов Шымкент әкімі қызметіне тағайындалды, бұған дейін қаланы Ерлан Айтаханов басқарған еді
НҰР-СҰЛТАН, 21 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Шымкент қаласының жаңа әкімі болып Мұрат Әйтенов тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.
«Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалсын», — делінген жарлықта.
Бұған дейін қаланы 48 жастағы Ерлан Айтаханов басқарған еді. Президент жарлығымен ол Шымкент қаласының әкімі қызметінен босатылды.
Мұрат Әйтенов туралы не білеміз
Мұрат Әйтенов 1981 жылы қазіргі Түркістан облысы Жетісай ауылында туған.
2004 жылы армия генералы С.М.Штеменко атындағы Краснодар әскери институтын «Ұйымдастыру және ақпаратты қорғау технологиясы» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын елордада қорғаныс министрлігі жанындағы арнайы байланыс бөлімінің кезекшілік ауысымының аға инженер-бастығы болып бастаған.
Тағы оқыңыз: Павлодар облысының әкімі тағайындалды
Әртүрлі жылдары Қазақстан президенті іс басқармасында сарапшы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2013 жылы ҚР президенті іс басқармасында аппарат басшысы болды. Төрт жылдан кейін президент істері басқарушысының орынбасары лауазымына ауысты.
2019 жылдың желтоқсанында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.
sputniknews.kz