Шымкент қалалық соты «Тұрғындарды қабылдау» орталығына шақырады
Мемлекеттік қызметегі ашықтықты сақтау мақсатында осыдан ілгері Шымкент әкімдігі мен қалалық сот арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған еді. Міне, сол келісім нәтижесінде азаматтарды қабылдаудың жаңа форматы енгізіліп отыр.
«Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында сот жүйесін одан әрі жаңғыртуда нақты тапсырмалар берген болатын. Оны бастысы дауларды сотқа жеткізбей, бітімгерлік жолмен шешудің баламалы түрін дамыту мәселесі де бар. Тараптардың дауын сотқа жеткізбей реттеуде осы орталықтың маңызы зор. Онда судьялар, медиаторлар азаматтарды демалыс, мереке күндерінен басқа уақыттың бәрінде қабылдайды», — дейді қалалық сот төрағасы Ербол Рахымбеков.
Қалалық сот өкілдері өткен жылы Шымкентте 29 мыңға жуық азаматтық іс қаралып, сот жүйесінде медиация институтын дамыту мақсатында бірқатар жақсы жобаларды жүзеге асырып жатқандығын айтады. Бүгінге дейін қалалық сот жанынан татуластыру кабинеттері, ардагерлер кеңесінің қолдауымен билер кеңесі құрылып, жұмыс істеп келеді.
Енді мемлекеттік органдарда медиациялық кабинеттер ашу мен кәсіби медиаторлардың санын көбейту мәселесі тұр. Жергілікті әкімдік пен қалалық соттың меморандумы аясында бұл бастамалар алдағы уақытта онан ары жандана түспек.
Игілікті бастаманың басында болған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһардағы мекемелерде медиациялық кабинеттер ашу бойынша бірлесе жұмыс істеп, ұйымдастыру жағынан көмек көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/