Шымбұлақта қызметкерді ұрған турист видеоға түсіп қалды

0

Алматыда Шымбұлақ тау-шаңғы кешенінің қызметкерін жағынан ұрып жіберген турист іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Оқиға халық нөпірі артқан уақытта болған. Аспалы жол кабинасына мінген күдікті артынан ілесіп кірмек болған өзге демалушыны итеріп жіберген. Дөрекі клиентке тәртіпті түсіндірмек болған курорт қызметкері де таяқ жеп қалды.

Тау-шаңғы кешеніндегі тосын жайт бақылау камерасына түсіп қалған.  Кадрда қос қызбен кабинаға кірген жігіт өзінен кейін мінбек болған адамды итеріп кіргізбей қояды. Осы кезде курорт қызметкері араға түседі. Алайда жақтан соққы алады. Оқиға болған жерге полиция келген. Бірақ қызметкер арыз жазудан бас тартқан соң, жұдырық жұмсаған туристі жайына қоя берген.

Шымбұлақ қызметкерлерінің туристерден таяқ жеуі бірінші рет емес екен. Демалыс курортының директоры Ринат Әбдірахманов жыл басынан бері осындай төрт жағдай болғанын айтады. Төртеуінде де қол көтергендер жазаланбапты.

«Бұдан әрі туристердің дөрекілігіне төзіп, қарап тұра алмаймыз. Бұл көпшілік демалатын орын. Мұнда азаматтар отбасымен келеді. Кешегі төбелесті балалар да көрді. Келушілер әдеп сақтауы тиіс. Бұл біздің ережемізде де жазылған. Азаматтардың қауіпсіздігі мақсатында енді тәртіп бұзғандарға қатаң шара қолданамыз», — деді «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінің директоры Ринат Әбдірахманов.

Алдыңғы төртеуі секілді бұл жағдай да жабулы қазан күйінде қалар еді. «Татуласты» деп істі тоқтатқан полициямен келіспеген тау-шаңғы кешенінің директоры таспаны әлеуметтік желіге салып жібереді. Болған жайт жария болған соң, тәртіп сақшылары өзі жайына жіберген күдіктіні енді жер-көктен таппай іздеп жатыр.

«Күдіктінің жеке басы және істің басқа да мән-жайы анықталуда. Әрі қарай ҚР Заңнамасына сәйкес шаралар қолданылады», — деді Алматы қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің инспекторы Дәулет Есмырзаев.

Ал қызметкері таяқ жеген курорт басшысы күзетті күшейтті. Бұл жағдайдан соң тау-шаңғы кешенінде мінез көрсетіп, қол жұмсайтын клиенттер «қара тізімге» енгізіледі.