Швейцария Гүлнара Кәрімова қаржысын қайда жіберерін білмей отыр

0

Швейцария Өзбекстан «экс-ханшайымы» Гүлнара Кәрімованың 800 миллион франкін қайда жіберерін білмей отыр.

Швейцария сыртқы істер министрлігі «Неміс толқыны» ақпарат агенттігінің: «Гүлнара Кәрімованың заңсыз жолмен жинақталған қаржысының болашағы не болмақ?» деген сауалына: «Швейцария заңсыз жолмен келген қаржыны өз аумағында сақтауға мүдделі емес» — деп жауап берген. Бірақ Гүлнара Кәрімованың Швейцариядағы активтеріне қатысты дау әлі ұзаққа созылатын тәрізді. Себебі ол қаржыны кері қайтаруға жалғыз Өзбекстан билігі ғана мүдделі емес, оны бөліске салуға өз заманында Кәрімоваға пара беріп Өзбекстан нарығына кірген елдерде ниетті.

Швейцария Бас прокуратурасы Гүлнара Кәрімоваға қатысты қылмыстық істі 2012 жылы бастаған. Бастапқыда швейцариялық прокурорлар «экс-ханшайымның» күйеуі мен екі көмекшісіне аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген айып таққан. Кейіннен тергеу жұмыстары барысында Гүлнара Кәрімованың қылмыстық топ құрып, қаржы жымқырумен айналысқаны анықталған.

Гүлнара Кәрімоваға қатысты даудың барлығы әкесі Ислам Кәрімов дүниеден озғаннан кейін барып қана БАҚ беттеріне шыға бастаған. Оған дейін «экс-ханшайымға» қатысты даулар арагідік шетелдік БАҚ-та талқыланбаса, журналистердің жаппай жазуы болмаған.

Қазіргі уақытта Гүлнара Кәрімова Өзбекстанда түрме қамағында отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын БАҚ беттерінде Кәрімованың Дубайда екендігі жөнінде ақпарат тараған. Бірақ кейіннен бұл ақпаратты Өзбекстан Бас прокуратурасы жоққа шығарған. Жалпы, Гүлнара Кәрімованың қазіргі жай-күйі жөнінде ақпарат жоқтың қасы. Ол жөнінде Өзбекстан құзырлы органдары да мардымды мәлімет бермеуде.

«The Qazaq Times»