Шуда адам қағып өлтірген полицей оқиға орнынан «қашып кеткен»

0

Жамбыл облысында полицей қызметтік көлігімен жаяу жүргіншіні қағып кетті. Қатты соққыдан 48 жастағы әйел сол сәтте жан тапсырған. Оқиға куәгерлері қайғылы жағдайға себепкер болған тәртіп сақшысы оқиға орнынан қашып кеткенін айтқан. Алайда полиция департаменті бұл ақпаратты теріске шығарды, деп хабарлайды «КТК» арнасы.

«Адам өліп кеткен. Нөмірсіз тұрған ақ «Нива» қаққан», — деді куәгерлер.

Оқыс жағдай кеше түнде Шу қаласындағы вокзал маңында болған. Рұқсат етілмеген жерден өтіп бара жатқан әйелді 25 жастағы аудандық криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі «Нива» көлігімен қағып өтіпті. Жергілікті тұрғын тілге келместен жан тапсырған.

Куәгерлер «жүргізуші мас болған, әрі өзінің полицияда істейтінін жасыру үшін қызметтік көлігінің мемлекеттік нөмірін шешіп әкетті» деп дабыл қаққан.

Алайда полиция департаменті бұл ақпаратты теріске шығарды. Олардың сөзінше, қараңғы көшеде жолға атып шыққан жүргіншіні аға лейтенант абайсызда таптап өткен.

Қазір жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Облыстық полиция департаменті «күдікті жазасыз қалмайды» деп сендірді.

«Полиция қызметкері қазір уақытша ұстау изоляторында. Медициналық куәландыру қорытындысына сәкес, 25 жастағы полицейдің ішімдік ішпегені және есірткі қолданбағаны анықталды. Қазір жан-жақты тергеп-тексеру басталды. Барлық бейнебақылау камераларындағы жазба алынып, сараптама тағайындалды», — деді Жамбыл облыстық ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.