«Путиннің зәулім сарайы». Навальный Кремльге «тосынсый» жасады (видео)

0
411
Сурет: dw.com

Отыз тәулікке қамауға алынған Алексей Навальный түрмеде отырса да, Кремльдегілерге түк тыныштық бермейтін түрі бар. Кеше оппозиционердің ютубтағы арнасында «Путинге арналған сарай, ең үлкен жемқорлық тарихы» атты екі сағаттық фильм жарияланды.

Бұл материал ютубқа шыға сала бір сағаттың ішінде 1 миллион көрсетілім жинап үлгерді, деп хабарлайды 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасы.

«Біз ешкімді кіргізбейтін жерге барамыз. Біз Путинге барамыз», — деді саясаткер Алексей Навальный.

Қазірдің өзінде 23 миллион көрсетілім жинап үлгерген фильмнің астында 700 мыңға жуық пікір жазылған. Навальный Владимир Путин мен оның жақтастарының мансап жолын қалай бастап, бүгінгі билікке қалай қол жеткізгенін баяндауға тырысыпты.

Фильм ортасында Краснодар өлкесі, Қара теңіздің жағалауында орналасқан 7800 гектар жері бар, 17 мың шаршы метрлік зәулім сарай көрсетіледі.

Алексей Навальныйдың айтуынша, жерінің асты мен үстіне дейін құрылыс салынған сарай Владимир Путинге тиесілі.

Дмитрий Песков журналистердің «фильмді көрдіңіздер ме, бұл сарай президенттікі ме?» деген сауалына «фильммен таныспағанын, әрі оның өтірік» екенін айтты.