ШҚО-да түберкулездің асқынған түріне шалдыққан алты адам іздестірілуде — новости Казахстана
Шығыс Қазақстанда туберкулездің асқынған түріне шалдыққан 27 адам тіркелген. Соның ішінде 25 адам бактерия таратушылар болып табылады. Солардың алтауы қазір іздеуде жүр деп хабарлайды altaynews.kz сайты.
Туберкулез ауруының алдын алу жолы – жаңа туған сәбилерді вакцинациялау. Биыл облыс перзентханаларында 16950 нәрестеге егу егілген. Бұл – жалпы туған балалардың 97,4 пайызын құрайды.
«Кейбір ата-аналар екпеден бас тартады. Ондай мәселе бар. Жыл басынан бері 94 баланың әке-шешесі вакцинация салдыртуға қарсы болды. Мұндай жағдайлар көбінесе Өскемен, Семей, Зырян қалаларында кездесті», – деп түсіндірді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.
Өкпе дертінің асқынған түріне шалдыққандар қоғам үшін өте қауіпті. Олар қоғамнан оқшаулануы тиіс. Қазір облыста осындай 27 азамат бар екен. Олардың 25-і бактерия таратушылар.
Қазір олардың 15-і стационарда оқшауланса, төртеуі үйінде емделуде. Ал қалған алтауы іздеуде жүр. Сондай-ақ, түрмеден босап шыққан 21 ауру азамат есепке алынған.
«Науқастарға әлеуметтік көмек көрсетілуде. Осы жылдың 10 айында 848 науқасқа 56265,4 мың теңге қаржы бөлінген. Келер жылдың 15 қаңтарына дейін біздің басқарма туберкулездің алдын алу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, ұсынады», – деді Марат Шоранов.