ШҚО-да өз жаназасында үйіне оралған азамат жұртты шошытты
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауылында өз жаназасында үйіне оралған азамат туған-туыстары мен жақындарын шошытып жіберген. Қайғыдан қан жұтып отырған әулет өлдіге теңеген ұлдары аман екенін көріп, төбелері көкке жеткен деп хабарлайды Алтайньюс.
Еркін есімді азамат өз інісі Сержанның (ред. ескертпе кейіпкерлердің аты өзгертілген) жол апатынан көз жұмып, денесі мәйітханаға жеткізілгенін естігенде есеңгіреп қалған. Бірден сонда жол тартқан ол туған бауырының мәйітін танып, мең-зең болыпты.
Бұл хабардың рас-өтірігіне сенбеген марқұмның әкесі де ұлын көруге асыққан екен. Мәйітханаға аяқ басып, бауыр еті баласын көрген соң ол да маңдайынан сүйіп, еңкілдеп жылай беріпті.
Осылайша, қара жамылған әулет жан-жаққа хабар таратып, Сержанның жаназасын шығаруға дайындалып кетеді. Ер-азаматтар малдарын сойып, әйелдер бауырсақтарын пісіре бастайды.
Осы уақытта азық-түлік алу үшін базарға бармақ болған келіншектерді әулеттегі Жексен таситын болыпты. Алайда, жаназаға қажетті керек-жарақты алуға аттанған олар үйге Сержанды алып келген екен.
Сөйтсе, барлығы жер қойнауына тапсырып жатқан ол көше бойында Жексеннің көлігін тоқтатып, қайда бара жатқандарын сұраған. Артынша түнімен концертте болғанын, содан соң досының үйіне кетіп қалғанын жеткізіпті.
Осылайша, мәйітханадан інісіне ұқсайтын азаматтың денесін алуға бара жатқан Еркін үйіне оралады.
Артынша жаназаға деп жиылған жұрт той тойлауды бастап кетіпті.