ШҚО-да барлық мектеп онлайн оқыту форматына ауыстырылды
Аймақта эпидемиологиялық жағдай ушығып бара жатқанда бір науқас анықталса да, мектепті толығымен жабуға шешім қабылданған болатын
Шығыс Қазақстан облысында барлық мектеп онлайн форматқа ауыстырылды. Бұл туралы облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Тұңғышбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Облыстың бас санитарлық дәрігері шығарған қаулы мен ведомствоаралық комиссияның бүгінгі шешімі бойынша барлық мектеп онлайн режимге ауыстырылды. «, — деді Тұңғышбаев арнайы онлайн брифингте.
Оның айтуынша, аймақта эпидемиологиялық жағдай ушығып бара жатқанда бір науқас анықталса да, мектепті толығымен жабуға шешім қабылданған болатын. Ондай жағдайлар болған. Қазіргі кезде барлығы онлайн форматқа көшірілді.
Айта кетейік, коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия көшпелі отырыс өткізіп, Шығыс Қазақстан облысында шектеу шараларын күшейтуге шешім қабылдады. Атап айтқанда, 2 қарашадан бастап Өскеменнен шығатын және кіретін әуе рейстері, сондай-ақ, пойыздардың саны қысқарады. Шығыс Қазақстан облысынан шығатын жолаушыларда міндетті түрде ПТР-тесттің анықтамасы және теріс нәтиже болуы қажет. Анықтаманың мерзімі – үш күн.
Облыстың айналасында санитарлық бекеттер қойылып, кіруге және шығуға шектеу қойылады. Ал Өскемен қаласына кіруге және одан шығуға тыйым салынады. Басқа қалалар мен аудандар арасында қатынауға болады.
Сондай-ақ, облыста демалыс және мереке күндері шектеу шаралары күшейеді. Қызметкерлердің 80 проценті қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстырылуы шарт. Жиналыстарды өткізуге рұқсат жоқ. Вахтамен жұмыс істейтіндер міндетті түрде ПТР-тесттен өтеді. Теміржол вокзалдары мен әуежайларға күтіп алатын және шығарып салатын адамдарды кіргізуге болмайды.