ШҚО-да балық аулап отырған зейнеткер мұз астына кетті
Шығыс Қазақстанның Глубокое ауданында 71 жастағы қария мұз астына кетіп, қаза тапты.
Оқиға Верхберезовка ауылында болған. Өзенге қармағын сүйретіп жеткен қарияны жұқа мұз көтермеген. Оның денесі өзен жағасынан 10 метр жерден табылған. Мүрдені бірінші аудандық ішкі істер бөлімінің мамандары көріп, құтқарушыларды шақырған.
«Мұз әлі қалыңдай қойған жоқ. Сондықтан сақшылар өздігінен әрекет етпеді. Біздің жігіттер мәйітке үш аяқты сатыны пайдалана отырып жетті» — дейді №26 өрт сөндіру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Руслан Баяубаев.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті Шығыс Қазақстанда мұз әлі қалыңдай қоймағандықтан, балық аулауға ерте екенін ескертеді.
Қазіргі таңда мұз қалыңдығы — 3-5 см аралығында. Ал адамды көтеру үшін кемінде 12 см болуы керек. Департамент мамандары мұздың қалың-жұқалығын түсіне қарап та анықтауға болатынын айтады.
«Мұздың түсі тұнық көгілдір немесе жасылтым болса, берік деген сөз. Ал ақшылтым мұз бұдан екі есе жұқа болып келеді. Сұрғылт, сарғыш түсті мұз — ең қауіптісі. Мұз қаншалықты берік болса да, бір орында 10-15 минуттан ұзақ тұруға болмайды» — делінген баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.
Аяқ астындағы мұз опырылған жағдайда төмендегі әрекеттер тиімді саналады:
-Мұздың ернеуіне екі қолыңызды кеңінен жаю керек.
-Қозғалуға мүмкіндік болса, бойыңызды жылымнан аулақ ұтсау қажет. Иірім мұз астына жұтып әкетуі мүмкін.
-Мұз бетіне бірінші кеуде, одан кейін екі аяқ бір-бірлеп шығуы керек
-Жылымнан арқамен аунап шығу тиімді
-Мұз бетінде жер бауырлап жүрген кезде екі аяқтың арасын алшақ ұстаған жөн.
Дереккөз: ҚазАқпарат