ШҚО-да аяздың салдарынан су қатып қалды
Риддерде аяздың салдарынан су құбыры қатып қалды.
Қала тұрғындарының сусыз отырғандарына үш күн болды, деп хабарлайды Алтайньюс. Осыдан үш күн бұрын су қабыршақ мұз болып қатып, құбырды бітеп қалған екен.
Бұл туралы Риддер тұрғындары ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі топта жариялап отыр. Риддерліктердің айтуынша, қала басшылығы тұрғындарды сабырға шақырып, түнгі уақытта су әлсіз қысыммен жіберілгенде ыдыстарға құйып алуға кеңес берген.
Алайда халық түнгі уақытта судың жіберілмегенін айтуда. Жалпы мұндай жағдай бірнеше жыл қатарынан қайталанып отырған көрінеді. Қазір үй-үйге машинамен су тасып жатыр. Мектептерде сабақтар қысқартылып, балабақшалар жарты күн ғана жұмыс істеуде.