Шөкеев жұмыстағы қиындықтар туралы: Үйренген қызмет қой
Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР премьер-министірінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев биылғы жыл аталған ведомство үшін сәтті болғанын мәлім етті.
«Биылғы жыл ауыл шаруашылығы саласына өте табысты болды. Көптеген жүйелі мәселелер шешілді. Ең бастысы біз Үкімет және Парламентпен бірлесіп, жаңа бағдарламаларды қабылдадық. Жарты жылдың өзінде біршама нәтижеге қол жеткізілді. Мал шаруашылығында, ет өндіруде, экспортқа шығаруда, еңбек өнімділігін өсіру жолдарын цифрландыруда көптеген шаруа атқарылды. Жыл өте берекелі, астықты болды», — деді министр Үкімет отырысынан соң журналистерге.
Оның айтуынша, биыл диқандар 22,8 млн тонна астық жинаған.
«Экспорт өткен жылмен салыстырғанда 34%-ке ұлғайды. Ет экспортын 5 мың тоннадан 18 мың тоннаға жеткіздік. Келесі жылы 30 мың тоннаға жеткіземіз деп отырмыз. Сондықтан, осы жыл ауыл шаруашылығы саласына өте берекелі әрі табысты жыл болды деп ойлаймыз», — деді Өмірзақ Шөкеев.
Осы орайда журналистер министрге «қызметіңізде қандай қиындықтар болды?» деп сұрақ қойды.
«Үйренген қызмет қой», — деп Шөкеев жауабын қысқа қайырды.
Айта кетейік, осыған дейін Үкімет басшысының облыс әкімдерінің жұмысын сынға алғанын және жылдың табысты аяқталғанын, әрі әкімдердің өңірлерде еңбек өнімділігін арттыра алмай отырғанын, алдағы жылы коммуналдық тарифтердің төмендейтінін хабарлағанбыз.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ