Щучинсктегі жол апаты: Сот үкімі шыққаннан кейін полицейдің жесірі жылап жіберді (видео)

0
414

Бүгін, 3 наурызда Щучинскте екі полиция қызметкерінің қазасына себеп болған ер адамға сот үкімі шықты. Алайда қос тарап сот шешімімен келіспей, аппеляциялық шағым түсірмек, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 2020 жылы 15 қазан күні таңертең болған еді. Жантүршігерлік жол апаты бақылау камераларына жазылып қалған. Кадрларға қарағанда Lexus маркалы автокөлік қызметтік көлікті қатты жылдамдықпен келіп соққан. Апат салдарынан Lada-21214 көлігінде отырған екі полиция қызметкері оқиға орнында көз жұмды. Бүгін айыпталушы Сергей Воронцовқа қатысты сот үкімі оқылды. Жергілікті кәсіпкердің 26 жастағы ұлына қатысты іс екі айдан астам уақыт қаралған. Сот шешімімен Воронцов 15 жылға бас бостандығынан және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Одан бөлек, ер адам марқұмдардың отбасына 10 млн теңгеден өтемақы төлеуге міндеттелді және қираған көлік үшін полицияға келтірілген материалдық шығынды өтеуі қажет. Оның мөлшері үш миллион теңгеге жуық. Алайда қос тарап сот үкімімен келіспей отыр.

«Мен сот шешіміне разы емеспін. Шағым түсіремін», – дейді сотталушы Сергей Воронцов. 

Оның анасы Инна да үкіммен келіспейтінін айтты.

«Мен өзімнің Lexus көлігімді ала салысымен сараптама жасатып, менің ұлымның рөлде отырмағанын 100 пайыз дәлелдеймін», – дейді әйел. 

Марқұм полицейлердің отбасы да сот үкіміне наразы екендерін білдірді. Олардың артында қарт ата-аналары мен, екеуінің бес баласы қалған. Тіпті ең кішісі Жаңа жылдың алдында ғана өмірге келген. Сол себепті ол енді әкесін мүлдем көрмейді.

Үкімге қатысты пікір білдіріп тұрған Қанат Отарбаевтың жесірі жылап жіберді.

«Аз! Біз жиырма жыл сұрадық. Біз әлі үйде ақылдасып, шағым түсертін боламыз. Оған қанша жыл берсе де аз, ол біздің балаларымызды әкесінен айырды!», – дейді көз жасына ерік берген Ғалия.