Шетелдік еңбек мигранттарына «қамқорлық жасаған» лауазымды тұлғалар ұсталды

0
23 Қараша 2018, 17:25 190 0

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда шетелдік еңбек мигранттарына «қамқорлық жасаған» қылмыстық топ ұсталды. Олардың арасында полицияда жұмыс істейтін лауазымды тұлғалар да бар. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова мәлім етті.

Брифингте ресми өкіл Алматы қаласы және Алматы облысы полиция департаменттері, көші-қон қызметі басқармаларының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Оның айтуынша, Алматы қаласы полиция департаменті Көші-қон бөлімінің қызметкерлері жақын шетелден келген еңбек мигранттарын заңсыз тіркеп келген. Қылмыстық топтың құрамында 4 азамат болған.

«Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында еңбек мигранттарын тіркеу үшін заңсыз қабылдайтын, жалған құжаттар жасайтын кеңсе анықталды. Тінту барысында 800-ден астам шетел азаматтарының паспорттары, жалған медициналық анықтамалардың «086» формасы, дактилоскопиядан өткендігі және Алматы қаласы ІІД криминалистикалық бөлімшелерінің мөр таңбалары басылған фотоға түсіру туралы анықтамалардың таза бланктері, жалған еңбек келісім шарттары т.б. заттар табылып алынды», — деді Жанна Бастарова.

Осы орайда ол қамауда отырған заңсыз көші-қонды ұйымдастырушыға және оның серіктестеріне заңсыз еңбек рұқсатын берді, шетелдіктерді тіркеудің 673 фактісі бойынша айыптар тағылғанын жеткізді.

Қазіргі таңда Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының шешімімен Бостандық аудандық ІІД Көші-қон бөлімінің басшысы Мұсанов ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2-бөлігі бойынша «Мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына, әрі полиция майоры атағынан айырылып, 4,7 млн теңге көлеміндегі айыппұл салынған.

Ал қылмысқа қатысы бар Шамсиев есімді азаматқа ҚР Қылмыстық кодексінің 368-бабының 1-бөлігі бойынша 760 мың теңге көлеміндегі айыппұл салынды.

«Қалған фигуранттарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қылмыстық процестік колдекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректер тергеу мүддесі үшін жария етілмейді», — деді Жанна Бастарова.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ